Смартфонның жеткілікті қорғалмауы жеке деректердің таралуына және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Fingramota.kz мамандары киберқауіптердің кең таралған алты түрін атап, олардан қорғану жолдарын түсіндірді.
1. Смартфонның жоғалуы. Құрылғы бөтен адамның қолына түскен жағдайда, ол хат-хабарларға, құжаттарға және банк қосымшаларына қол жеткізуге әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан сенімді PIN-код орнатып, биометриялық қорғанысты және құрылғыны қашықтан бұғаттау функциясын қосу қажет.
2. Зиянды қосымшаларды орнату. Күмәнді сілтемелер арқылы жүктелген бағдарламалар құрылғыдағы хабарландыруларға және басқа да функцияларға қол жеткізуі мүмкін. Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп, олардың қандай рұқсаттар сұрайтынын тексерген жөн.
3. Құрылғының жасырын түрде зиянды бағдарламамен зақымдануы. Зиянды бағдарламалар смартфонды иесінің хабарынсыз хабарламалар тарату және басқа да заңсыз әрекеттер жасау үшін пайдалануы мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу үшін операциялық жүйені уақтылы жаңартып, белгісіз қосымшаларды жою қажет.
4. Файлдарды бұғаттайтын бопсалаушы бағдарламалар. Зиянды бағдарламалар құжаттарға қолжетімділікті шектеп, оларды қалпына келтіру үшін ақша талап етуі мүмкін. Маңызды деректердің резервтік көшірмелерін тұрақты түрде жасап, күмәнді файлдарды ашпау ұсынылады.
5. Жалған Wi-Fi желілері. Алаяқтар қоғамдық орындардағы заңды желілерге ұқсас атаумен жалған Wi-Fi нүктелерін құрып, пайдаланушыларды фишингтік сайттарға бағыттауы мүмкін. Желіге қосылмас бұрын оның атауын мекеме қызметкерлерінен нақтылап, күмәнді сайттарға банк картасының деректерін енгізбеген жөн.
6. NFC арқылы төлем жасауға қатысты алаяқтық. Қаскөйлер байланыссыз төлемнің қауіпсіздігін тексеруді сылтауратып, пайдаланушыларды арнайы бағдарлама орнатуға көндіруі мүмкін. Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды орнатпаңыз. Сондай-ақ банк операциялары туралы хабарландыруларды қосыңыз.
Мамандардың ұсыныстары
Смартфонды қорғау үшін экранды сенімді кодпен бұғаттау, операциялық жүйені уақтылы жаңарту, қосымшалардың рұқсаттарын бақылау, екі факторлы аутентификацияны пайдалану және деректердің резервтік көшірмелерін жасау маңызды.
Егер құрылғыға бөгде адамның қол жеткізгеніне күмәндансаңыз, банкпен оның ресми нөмірі арқылы дереу байланысып, қажет болған жағдайда банк карталарын немесе қаржылық сервистерге қолжетімділікті бұғаттаңыз. Электрондық пошта мен маңызды аккаунттардың құпиясөздерін басқа, қауіпсіз құрылғыдан өзгертіңіз.
Ақша ұрланған жағдайда, қолда бар дәлелдерді сақтап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Дереккөз: Fingramota.kz
https://fingramota.kz/ru/post/kogda-smartfon-stanovitsya-uyazvimym-shest-scenariev-krazhi-dannyh
