Еліміз үшін маңызды шешім қабылдау кезеңінде тұрмыз. Эмоцияға берілмей, байсалды әрекет жасап, дұрыс шешімге келудің басты жолы – ақылдасу. «Игі жақсылардың басы қосылса, ақыл арнасы ағытылады» деген сөз бар.
Қашанда саяси және экономикалық мәселелер бір-бірін толықтырып отырады. Еліміздегі саяси реформалардың ренесансы кезінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тікелей қатысты, халықтың талабымен санасатын экономикалық қатынастар қажет. Бұл қазақ қоғамының алдындағы бірінші міндет деп айтсақ артық болмас. Яғни, экономикамыздың біздің жеке өміріміздегі көрінісі мен әсерін нақты сезіне алсақ, сенімнің арта түсері анық. Әрбір мемлекет халықаралық қатынастарда өзін мойындату үшін күресуде. Өткен ғасырларда мойындатудың құралы қантөгіс соғыс болды. Қазір экономиканың материалдық игіліктерді қамтамасыз етуден басқа үлкен қызметі – мойындату. Ол үшін қоғамдық қолдау арқылы тұрақты экономикалық даму жолында болуымыз керек. Экономикалық даму белгілі бір жағдайда тікелей энергия көздеріне байланысты. ХХІ ғасырдағы өркениеттік қақтығыстардың басым көпшілігі энергия көздері үшін болуда. Энергия дербестігінсіз, экономикалық дербестікте толыққанды бола алмаймыз, басқаны мойындата алмаймыз. Біз күш көрсетіп абырой таппасымыз анық. Ал экономикалық жетістік арқылы өз орнымызды ойып алу – біз үшін зор мүмкіндік. Ол екінші жағынан ел игіліктерінің тек қазақстандықтар арасында тең игерілуіне оң әсер етеді. Бүгінде саяси және экономикалық институттарды барынша өзара үйлесімді етудің қадамдары жасалуда. Соңғы жылдардағы Жолдаулардың басты ұстанымы осыған саяды. Мемлекет басшысы барлық стратегиялық шешімді халық арқылы қабылдауымызды талап етуде. Оның басты тетігі – Конституциямызда анықталған референдум әдісі. Президент бұл бастаманы аспаннан алып көтерген жоқ. Билік басшысының бірінші міндеті – елін аман сақтау, дамуын қамтамасыз ету. Президенттің болашақта жаман атымен қалмас үшін тарих алдындағы жауапкершілігі одан да зор. Кезінде басшылардың трибунадан айтқан сөзін заң сияқты қабылдаған уақытты да көрдік қой. АЭС жөніндегі референдум қорытындысы халық пен биліктің өзара сенім көрсеткіші болары анық.
Әрине, билік шындықты көргісі келмейді деген пікірлер жеткілікті. «Шындық» көп, ал ақиқатын қалай ажыратамыз? Осыған сәйкес, референдум тақырыбына сенімсіздік білдірушілердің болуы заңдылық. Оған ешкім ренжімеуге тиіс. «Ашық қоғам» тұжырымдамасының да мәні осында. Бірақ биліктің мәні де бүкпесіз шындықты көре-білуде емес, шындықты ортақ құндылықтарға қызмет етуге дұрыс бағыттай білуінде. Жалпыхалықтық мәселе жөнінде жарып сөйлегеннен гөрі байыбына барып сөйлеген дұрыс. Кейбір адамдар ашық қарсылық білдірсе, кейбірінің іштей қарсы көзқараста екені де анық. Өйткені дұрыс пен бұрыс түсінігі әр адамның өзінің шектеулі көзқарасының негізінде қалыптасатыны психологиядан белгілі.
Адамның қоғамдағы құндылығы оның кәсіби білімімен анықталады. Ендеше білікті де білімді мамандардың пікіріне құлақ асайық. Біздің міндетіміз – алдағы даму бағытымызды болашақта алар орнымыздың талабынан анықтауымыз керек. Мемлекет басшысы – игі елдік саясатты қалыптастырушы, бастамашысы. Ал билікке қоғамдық мүддені нығайту тетігі ретінде қарауымыз керек деп ойлаймын. Адамдардың дер кезінде уақыт талабына сай бағдарлануы саясатты қалыптастыруға нақты әсер етеді. Жалпыхалықтық талқылау жыл бойы жүрді. Жұртшылық осының негізінде біршама бағыт-бағдар алды. Атом энергиясы болашақтың энергиясы екенін мойындамасқа шара жоқ. Энергетика көздері әлемдік тәртіпке әсер ете алатын факторға айналуда. Сондықтан да АЭС салу арқылы энергия тапшылығын барынша азайту үшін дұрыс шешімнің қабылдануы бәріміз үшін маңызды.