ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТОМАТОЛОГИЯ ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ТАРТУДА: ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒАМЕН ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ САПА
Қазақстан медициналық туризмнің тартымды бағыттарының біріне айналып келеді. Шетелдік пациенттер сапалы стоматологиялық қызмет алу, соның ішінде тіс импланттарын орнату үшін елімізге жиі келуде. Шетелде мұндай қызметтердің құны бірнеше мың доллар немесе еуроға дейін жетуі мүмкін. Медициналық туризмнің дамуы отандық медицина мен мамандар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай отырысы шеңберінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімді бағасының үйлесуі. Қазақстан стоматологтары қауымдастығының мәліметінше, шетел азаматтарының отандық стоматологияға деген қызығушылығы артып келеді.
«Кейбір елдерде бір имплант орнату бірнеше мың доллар немесе еуро тұрады. Қазақстанда дәл осындай қызметтер әлдеқайда арзан, сонымен қатар стоматологиялық көмектің сапасы жағынан шетелдік мамандардан кем түспейміз», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.
Медициналық туризмді дамыту отандық клиникалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, мамандардың жұмыс жүктемесін арттыруға, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері үшін қосымша табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жеке медицинаның дамуына және ел экономикасының нығаюына ықпал етеді.
Сонымен бірге медициналық туризмді дамыту қазақстандықтардың медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін шектемеуі аса маңызды.
Осыған байланысты заңнамалық деңгейде «медициналық туризм» ұғымын бекітіп, Қазақстанға емделу мақсатында келетін шетел азаматтарына қызмет көрсету және оларды медициналық сүйемелдеу тәртібін реттеу жоспарланып отыр.
Жаңа тәсілдер медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, қосымша инвестициялар тартуға және Қазақстанның халықаралық медициналық қызметтер нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Медициналық туризмді дамыту – шетелдік пациенттерді тарту ғана емес, отандық медицинаның дамуына серпін беру, мамандар үшін жаңа жұмыс мүмкіндіктерін қалыптастыру және ел экономикасын өркендетудің де маңызды тетігі.
