Ақмола облысында ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асырылуда

Ақмола облысында тұрғын үй, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев мәлімдеді.

📌 Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша:
▪️ 411 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді;
▪️ 3 300-ге жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды;
▪️ 500-ге жуық отбасы жалдамалы баспанаға ие болды.

🏫 Әлеуметтік инфрақұрылым
2023–2026 жылдары өңірде 230 млрд теңгеден астам қаражатқа 100 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Биыл Сандықтау ауданында үш дәрігерлік амбулатория мен Атбасар ауруханасына МРТ кабинеті үшін қосымша ғимарат салынды.

Сонымен қатар Қосшы қаласында 1500 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Ал Көкшетауда 332 млрд теңгелік облысаралық көпбейінді аурухана салу жоспарланған.

🏟️ Мәдениет және спорт
Биыл құрылысы ұзаққа созылған жеті нысан аяқталды. Олардың қатарында Бестөбе және Жақсы ауылдарындағы спорт кешендері, ашық стадион, Қарабұлақ пен Қатаркөл ауылдарындағы мәдениет үйлері бар.

📑 Жаңа жобалар
Бүгінде 15 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Оларды іске асырудың жалпы құны 20,66 млрд теңгені құрайды. Тағы 9 жоба әзірлеу сатысында, олардың болжамды құны шамамен 25 млрд теңге.

⚡ Ірі инфрақұрылымдық жобалар
Алдағы жылы Көкшетау қаласында жылу электр орталығының құрылысын белсенді кезеңге көшіру жоспарланған. Сонымен қатар Есіл өзенінде гидротехникалық құрылыс салу және Бурабай кентінде Конгресс-орталық жобасын жүзеге асыру көзделген.

Жалпы, аталған жобалар өңірдің инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

By admin

Читайте также