«Үлгілі жүргізуші» – жауапкершілік пен кәсібиліктің жарқын үлгісі

Ақмола облысында жол қозғалысы ережелерін сақтаумен ерекшеленген үздік жүргізушілер марапатталды.
Ақмола облысында дәстүрлі «Үлгілі жүргізуші» акциясы өтті. Игі бастаманың негізгі мақсаты – жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматтарды ынталандыру.

Акция аясында полиция қызметкерлері қала көшелерінде жүргізушілермен кездесіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейіне назар аударды. Үміткерлерді іріктеу кезінде олардың жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің болмауы мен төленбеген айыппұлдарының жоқтығы ескерілді.

Жолда тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеткен жүргізушілерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Марапатталғандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау қызметін көрсететін инватакси жүргізушісі Александр Брониславович Кочуровский де бар. Ол 35 жылдан астам уақыт бойы көлік тізгіндеп келеді. Осы уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзбай, айыппұлсыз мінсіз жүргізушілік тәжірибесін қалыптастырған. Оның кәсіби жолы – өз ісіне адалдықтың, тәртіп пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Биылғы акция барысында «Шанс» орталығының, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың, Красный Яр ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің және №3 көпсалалы мектеп-гимназияның, Көкшетау қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернаттың, Көкшетау автобус паркінің, «Көкшетау Энергр» ЖШС, «Trade Line Distribution Kokshetau» ЖШС және «Prime» автомектебінің жүргізушілері де марапатталды.

Аталған азаматтардың барлығы күнделікті қызметінде көлік жүргізумен айналысады. Олардың жұмысы тек кәсіби міндеттерді орындаумен шектелмейді. Әрбір жүргізуші жолаушылардың, әріптестерінің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты екенін жақсы түсінеді.

Іс-шара барысында №3 «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының жүргізушісі Владимир Сергеевич Комовпен де сұхбаттасуға мүмкіндік болды. Ол өз сөзінде жүргізуші жұмысының ерекшеліктері мен күнделікті міндеттеріне тоқталып, әсіресе жол үстіндегі мұқияттылық пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, көлік тізгіндеген әрбір адам жолда тек өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігін ойлауы керек.

«Үлгілі жүргізуші» акциясы – жолдағы тәртіп пен өзара құрметтің маңызын насихаттайтын игі бастама. Өйткені жол қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігі мен саналы әрекетінен басталады. Ережені сақтау, сабырлылық таныту және өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметпен қарау – қауіпсіз жолдың басты кепілі.

Үлгілі жүргізуші болу – тек жол ережесін бұзбау емес, өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.

By admin

Читайте также