Ақмола облысында АИТВ инфекциясының алдын алу бағытындағы жұмыс қорытындылары жарияланды
Ақмола облысында 2026 жылдың он айында АИТВ инфекциясын жұқтырудың 105 жаңа жағдайы тіркелді. Оның шамамен 80 пайызы 30-59 жас аралығындағы тұрғындарға тиесілі. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен инфекцияның алдын алу шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары мәлімдеді.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңа жағдайлардың саны үшке азайған. Инфекцияның негізгі таралу жолы – жыныстық қатынас арқылы жұғу. Оның үлесіне барлық жағдайдың 85 пайызы тиесілі.
Орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Рүстем Молдағали атап өткендей, уақтылы тестілеуден өту инфекцияны ерте кезеңде анықтап, емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
«Антиретровирустық терапияны уақтылы бастау ауруды бақылауда ұстауға, өмір сапасын сақтауға және вирустың одан әрі таралуының алдын алуға көмектеседі», – деді ол.
Он ай ішінде мамандар 13 профилактикалық акция өткізіп, шамамен мың адамды қамтыды. Олардың 348-і жедел тестілеуден өтті. Сонымен қатар 1,5 мыңнан астам адам консультациялар, медициналық тексерулер және қорғану құралдарын ұсынуды қамтитын профилактикалық бағдарламаларға қатысты.
АИТВ инфекциясының алдын алудың заманауи әдістерінің бірі – PrEP (экспозицияға дейінгі профилактика). Бұл дәрігердің ұсынымы бойынша АИТВ жұқтыру қаупін төмендететін арнайы препараттарды қабылдауды көздейді.
Қазіргі уақытта өңірде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай ақпараттық-түсіндіру науқаны өтуде. Оның аясында кездесулер, консультациялар мен профилактикалық акциялар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, 25 қарашада облыс орталығында дерматовенеролог, психолог және инфекционист мамандардың тегін консультацияларын қамтитын Ашық есік күні өтеді. Ал науқан 1 желтоқсанда Көкшетау қаласындағы Мәдениет сарайында шамамен 600 оқушы мен студенттің қатысуымен өтетін жастар акциясымен қорытындыланады.
Орталықтың профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әсел Балтабаева халықты шынайы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етудің және АИТВ инфекциясының алдын алуда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін атап өтті.
«Журналистер қауымдастығын АИТВ инфекциясының алдын алу тақырыбын кеңінен жариялауға шақырамын. Бұл ретте артық сенсацияға жол бермей, нақты деректерге сүйеніп, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарау маңызды», – деді Әсел Балтабаева.
АИТВ-ға тестілеуден тіркелген емханасында немесе Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында тегін әрі құпия түрде өтуге болады. Емдеу мемлекет есебінен жүргізіледі.
Мамандар тұрақты түрде тестілеуден өтіп, медициналық көмекке уақтылы жүгіну инфекцияны ерте кезеңде анықтауға және оның одан әрі таралуының алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салады.
