Ақмола облысындағы эпиджағдай: қызылша мен көкжөтел азайғанымен, вакцинация деңгейі төмен
Осы жылдың алғашқы төрт айында Ақмола облысындағы вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қатысты эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты деңгейде қалып отыр. Алайда қызылша мен көкжөтел деректері, сондай-ақ вакцинамен қамтудың бірқатар аудандарда төмен болуы алаңдаушылық тудырады. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Жыл басынан бері облыста 187 қызылша дерегі тіркеліп, 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш – 24,0-ге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 535 жағдайға немесе 76%-ға аз. Алайда науқастардың 78%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі (50 жағдай) және 1 жастағы (31 жағдай) сәбилер арасында жиі кездеседі.
«Зерттеу қорытындысы бойынша науқас балалардың 97%-ы (142 бала) екпе алмаған. Оның негізгі себептері жасына жетпеген – 37%, вакцинадан бас тарту – 46%, уақытша медициналық қарсы көрсетілім – 8%, тұрақты медициналық қарсы көрсетілім – 7%. Қызылша көбіне Көкшетау қаласында және Зеренді ауданында тіркелген. Сондай-ақ Бурабай, Буланды, Ерейментау аудандарында және Степногорск қаласында да жағдайлар анықталған», деп толықтырды спикер.
Облыс бойынша жоспарлы профилактикалық екпемен қамту деңгейі 31,6%-ды құраса, бұл – оңтайлы көрсеткіш шегінде. Алайда кейбір аудандарда екпе деңгейі төмен. Мәселен, туберкулезге қарсы екпе бойынша облыста жаңа туған нәрестелер шамамен 100 пайыз қамтылған. Алайда, Аршалы, Астрахан, Атбасар және Көкшетау қалаларында көрсеткіш төмен.
Ғалымбек Алиннің айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында қыз балалар арасында жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін адам папилломасы вирусына қарсы екпе науқаны басталды. 2025 жылдың алғашқы 4 айында 11 жастағы 950 қыз бала қамтылып, бұл 11,4%-ды ғана құрады. Жалпы ЖПВ вакцинасының бірінші дозасымен 4729, ал екінші дозасымен 1906 қыз бала қамтылды.
«Науқан басталғалы бері екпе алғандардың жалпы саны – 6635. Алайда көптеген аудандарда, әсіресе Егіндікөл мен Жарқайың аудандарында қамту өте төмен. 2025 жылы профилактикалық вакцинациядан 1493 ата-ана бас тартқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,1%-ға аз. Бас тарту себептері арасында жеке сенім – 66,3%, діни себептер – 15,1%, вакцинаға сенімсіздік – 16,1%», — деп түйіндеді ол.
Ақмола облысында вакцинамен басқарылатын аурулар бойынша жағдай біршама тұрақты болғанымен, қызылша мен көкжөтелге қатысты қауіп әлі де бар. Вакциналау деңгейі кейбір аудандарда айтарлықтай төмен болып отыр. Бұл – эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына әкелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындардың сенімін арттыру, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту және медициналық ұйымдардың жұмысын жетілдіру – басты міндеттердің бірі болып қала бермек.