Сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімдерін беру, дауыс беруге арналған бюллетень мәтінін бекіту және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу туралы Ортсайлауком отырысы өтті

 

 

2022 жылғы 31 қазанда Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырыста келесі мәселелер қаралды:

  1. Әрбір сайлау учаскесі бойынша тиісті әкім қол қойған сайлаушылар тізімдерін акт бойынша сайлау комиссияларына беру туралы; 

2 Дауыс беруге арналған бюллетень мәтінін бекіту және олардың дайындалуын қамтамасыз ету туралы; 

  1. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы.
  2. Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша өңірлердің, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері баяндады.

Олар әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізіміне әкім қол қойғанын, оның шешімі бойынша учаске құрылған және а.ж. 30 қазанда акт бойынша учаскелік сайлау комиссияларына қағаз түрінде, аумақтық комиссияларға — электрондық түрде ұсынылғанын хабарлады.

Бірінші мәселені қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров а.ж. 4 қарашасынан бастап азаматтарға тиісті сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізімінде өздерін тексеруге, сондай-ақ басқа сайлау учаскесінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға мүмкіндік берілетінін хабарлады.

  1. Дауыс беруге арналған бюллетень мәтінін бекіту және бюллетеньдерді дайындауды қамтамасыз ету туралы ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.

Ол барлық тіркелген кандидаттар мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізілетінін хабарлады.

Кандидаттарды тіркеуге сәйкес бюллетеньнің келесі мәтіні белгіленді:

Әбден Қарақат Жақсылыққызы

Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы

Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы

Қажыкен Мейрам Зекешұлы

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы

Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы

«Бәріне қарсымын» деген жол

Сайлаушылардың жалпы саны 11 950 485 адамды құрайды. Дәл осы көрсеткіш сайлау комиссияларына ұсынылған актілерде көрсетілген.

Осылайша, 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау бюллетеньдерінің саны, оның ішінде сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызын қоса, 12 069 990 дананы құрайды.

  1. ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы да хабардар етті.

Ол Сыртқы істер министрлігіне төрт халықаралық ұйым мен бес шет мемлекеттен 63 байқаушы акредиттеу ұсынылғанын хабарлады. Оның ішінде: 31 байқаушы ТМД байқаушылар Миссиясының құрамынан, 10 байқаушы — ТМД ПАА-дан, 3 байқаушы — Ислам ынтымақтастығы ұйымынан, 10 байқаушы — ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан, 2 байқаушы – Армения, Венгрия, Молдова, Ресей Федерациясынан және 1 байқаушы — Швециядан.

Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай халықаралық байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отыратын болады.

Халықаралық байқау институтын Орталық сайлау комиссиясы 2022 жылдың 22 қыркүйегінде ашты. Ол жұмысын 2022 жылғы 14 қарашада сағат 18:00-де аяқтайды.

Отырыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Онда Ортсайлауком мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.

 

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также