«Республика күні – елдігіміздің белгісі»


25 қазан — Республика күні, ұлттық мереке. Биыл Республика күні елімізде екінші рет аталып өтілмек. Мұндай мереке әлем халықтарында бар. Әрі ұлық мереке ретінде тойланып жүр.

Мереке тарихына тоқтала кетсем, алғаш рет «Республика күні» мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланған болатын. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды. Осы ұлттық мереке төңірегінде біздің ауданымыздың жастарымен ой алмасқан едік.

Республика күні ол-

Бірлес Ақбота Ақылбекқызы. Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Ешім ауылында туып өстім. 17 жыл осы ауылда тұрып, қазіргі таңда Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің 1 курс студентімін.

Республика күні қайта ұлттық мереке болып бекітілген болатын. Басқа мемлекеттерде де бұл мереке бар. Халықаралық сарапшылар әлем елдерінде ұлттық мереке болып бекітілгенін айтады. Мысалы: Италия -1940 жылы монархиядан кетіп, 2 маусымда Республика күнін жариялаған. Сондай-ақ, 1949 жылы Үндістан ағылшын колониясынан кетіп, 26 қаңтарды — Республика күні деп бекіткен.  1 қазанда Қытай Халық Республикасы өзін Республика деп жариялады. Сол мемлекеттік мереке Қытайда ең жоғарғы мереке болып саналады. Ал енді біз Түркияда да білеміз 29 қазан ол да Республика құрылған күні. Ол кезде де бауырлас түркі халықтары көшеде қай жерде болмасын түріктің қызыл туларын іліп, оған бір ерекше мәртебе берілген екен.

Осы мереке қарсаңында барша тұрғындар мен жерлестерімді ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мән-маңызы зор, тәуелсіз еліміздің ұлық мерекесі баршаңызға игілік, бақ-дәулет, ырыс-несібе әкелсін!

«ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ-ҰЛТ ЕСІНДЕ»

Сағымбай Жансая, Жақсы ауданы, Жақсы №1 орта мектебінің 2021 жылғы түлегімін. Бүгінгі күні Алматы қаласы, Тұран университетінің гуманитарлық-заң факультетінде журналистика мамандығының 3 курсын оқып жатырмын.

Республика күнімен барша Жақсы ауданын құттықтаймын. Бұл «ұлттық мереке» болып алғаш рет 1995 жылы 18 қазанда жарияланған еді. Алайда ғұмыры ұзаққа бармады: алты жылдан кейін бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті.

Ал 2009 жылы сәуірде «Мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, Қазақстанда Республика күні аталып өтпейтін болды. Сөйтіп, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды. Былтыр маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мейрам» мәртебесін беру қажет екенін мәлімдеген еді.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында. Президентіміздің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламентпен заң қабылдаданып, Президентқол қойды. Осылайша 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып өзгерді. Айта кетері, заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам.

Осы мерекемен Жақсы тұрғындарын барша Қазақ елін құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Еліміздің дәулеті, жеріміздің сәулеті жолындағы игілікті істеріңіз табысты болсын!

«БҰЛ КҮН-ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНІҢ БАСТАПҚЫ МӘНІ»

Буркитбаева Жанель, Жақсы ауданы Запорожье ауылының, Запорожье орта мектебінің биылғы жылғы түлегімін. Осы ауылдың құмында аунап өсіп, мектебінен білім нәрін сусындағам. Қазіргі күні Арқалық қаласының Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институттың «Қазақ  тілі мен әдебиет» пәні мұғаліміне оқып жатырмын.

Президенттіміз Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр өз сөзінде: «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген еді. Тәуелсіз мемлекеттің барлық тыныс — тіршілігін, оның мемлекеттік құрылымын әлеуметтік, экономикалық дамуы мен саяси жүйесін қалыптастырып, оны нығайтуға ат салысқан, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған заңдардың қабылдануы да осы заң шығарушы орган – Парламенттің үлесіне тиесілі. Республика күні, 25 қазанда Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, патриоттық, бүгінгі Қазақстан патриоттығын айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс деп ойлаймын.

Тәуелсіздік декларациясын жарияладық, Конституциямызды қабылдадық, ұлттық стратегиялық мүдделерімізді анықтадық. Сондықтан бұл құжаттың маңызын кетіруге болмайды. Оны бірінші кезекке қоюымыз керек. Бұл күн тәуелсіздігіміздің күні болуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, 25 қазан Тәуелсіз Республика декларациясы қабылданған мейрам күні болуы керек.

Ал 16 желтоқсанда ыңғайсыз жағдайға тап боламыз. Біржағынан, мейрам, бір жағынан, трагедия. Бұл күні қуанайын десең, қанды оқиға есіңізге түсіп, көңіліңіз жабырқайды.  

Аудан жастарымыздың қысқаша ойы осы екен. Біздің ұжымда барша адамзатты ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміздің туы асқақтап, келешегі өркейе берсін!

Ділназ Сағындық.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также