-
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», — деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стартегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Осы орайда Жақсы ауылының тұрғыны, білімді оқушы, болашағынан үлкен үміт күттіретін ақылды ұрпақтың бірі Қуанышпай Мақпал Мақсұтқызы.
Ұлы қазақ ақындарының, атақты билері мен батырларының, жазушы мен ақындарының, орақ ауыз шешендерінің отаны болған Қостанай қаласында дүние есігін ашқан кейіпкеріміз 2009 жылы ата-анасын ерекше қуанышқа бөлеген үйінің тұңғыш перзенті болып жарық өмірге келеді. Бала кезден сабырлы, өте инабатты, ақылды болып өскен ол отбасылық жағдайларға байланысты Жақсы ауылына қоныс аударады. Қазақ халқы қашаннан қыз баланың тәрбиесіне жіті назар аударып, қызды қонақ деп құрметтеген. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербейтін әйел затының басты құндылықтарын анасы Мақпалдың бойына дәл сол тал бесіктен сіңірген. «Қыз –өріс,қыз-қонақ »,-деп ата-анасы Мақпал мен оның кіші сіңілісі Аминаны аялап ,мәпелеп өсіріп, бойларындағы дарындарын аша біліп, дұрыс тәлім-тәрбие беріп келеді. Мақпал қазіргі таңда Жақсы №1 орта мектебінде 7 сынып оқушы болып, сабағының үздігі атанған. Мектепішілік көптеген сайыстарға, аудан, облыс, республика көлемінде болатын түрлі олимпиада мен конкурстарға қатысып, тек жүлделі орындардан көріне білген өте ақылды қыз. Мектеп оқушысы бола тұрып бір өзінің бойынан соншама дарынды қасиеттер байқалған мектеп үздігімен бізде кездесіп, сұхбаттасып қайтқан едік.
— Мақпал сені ұстаздарыңның барлығы өте талантты, дарынды оқушы деп мақтап жатыр, өзіңнің сүйіп оқитын пәнің қандай? Тағы біз білмейтін бойыңда қандай өнерің бар?
— Рахмет жылы сөздеріңіз үшін. Мен биыл жетінші сыныпта оқимын. Менің ойымша әр мектеп оқушысының ең басты міндеті ол сабақ оқып, өз болашағын жақсарту. Себебі, бүгінгі күіміздің қалай сүрсек біздің ертеңіміз де солай болмақ. Мен сабақтан бөлек көптеген кітаптар, әңгімелер оқығанды жақсы көремін. Сондай-ақ ұлы ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқуды жаным сүйеді. Бала кезден сурет салуға да жақынмын. Анам осы қасиетімді байқағаннан кейін, маған түрлі карандаштармен сурет салуға арналған барлық құралдарымды сатып алып берді, ол мен үшін үлкен қуанышты жағдай болған. Анам мен әкем өте білімді, білікті маман иелері, әкем Мақсұт өмірінің бар бөлігін құқық қорғау саласына арнаса, анам адам өміріне араша түсіп, оны құтқару үшін барын салып жүрген медбике болып жұмыс жасайды. Өзімнен кейінгі кіші сіңілім Амина да сабағын үздік оқып, отбасымызды қуанышқа бөлеп отыр. Ал, мектептегі сүйікті пәніме оралсақ өзім гуманитарлық сабақтарға жақын болғандық қазақ тілі мен орыс тілін ұнатамын. Мен үшін мектебімдегі ұстаздарымыздың барлығы өте білімді ұстаздар, алайда ерекше атап кетіп, үлгі тұтар ұстаздарым да жоқ емес, ол Аманжол Әсет ұлы және өзімнің сынып жетекшім Абылкаримова Маржангүл қызы. Осы ұлағатты ұстаздарымды мен мақтан етемін, олардың сабақ беру әдісі мен жүріс-тұрыстарына қарап тамсанып отырамын.
— Мақпал сені көптеген байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орындармен оралады дейді. Бізге тарқатып айтып берсең, қандай және қай салады үздік атанып жүрсің?
— Жоғарыда айтып кеткенімдей мен гуманитарлық пәндерге жақынмын, сол себепті түрлі мәнерлеп оқу сайыстарына қатысып, жүлделі болып келемін. Менің ойымша әр адам өзінің жанына жақын дүниесімен айналысса, ол сол бағытта көптеп жұмыс -
жасаса, үлкен нәтижелермен шыңдалады деп ойлаймын. Сондай-ақ, ән айтып, сурет салғанды да жақсы көремін.Мектепішілік отбасылық «Әнді сүйсең менше сүй» атты «Екі жұлдыз» байқауына қатысып, жарасымды жұп номанациясымен марапатталған едім, Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Мәнерлеп оқу» сайысында жүлделі ІІ орынды иелендім. Мектепішілік «Абай оқулары» сайысында «өлең–сөздің патшасы» номинациясы бойынша конкурсқа қатысып, І орын иелендім. Республикалық дәстүрлі интернет олимпиада сайтында жаратылыстану пәнінен ұйымдастырылған онлайн олимпиадасының жеңімпазы атандым.
— Армансыз адам қанатсыз құстай деп жатады, өзіңнің қандай арманың бар?
— Ең алдымен ата-анамның үмітін ақтап, сол кісілерге тек жақсы жағымды көрсетіп, елімнің мақтан тұтар азаматшасы болу. Мектебімді ойдағыдай аяқтағаннан кейін ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласына жоғарғы оқуға грантқа түсіп, білімімді шыңдау. Болашақта білікті психолог маманы болуды қалаймын, сол себепті де қазірден бастап осы сала бойынша көп ізденіп, психологиялық кітаптар оқуды жақсы көремін.
Сөз соңын Елбасымыздың «Егемен еліміздің ертеңіне тіреу, іргесіне сүйеу болатын жас ұрпақты жан-жақты білімді етіп тәрбиелеп жетілдіру басты назарда болуы тиіс» — ұтымды ойдан туған сөзімен аяқтай келе, еліміздің ертеңі жастарымыздың болашағы үшін тәрбие мен білімнің сара жолында ізденуден жалықпайық дегім келеді.Бүгінгі мақала кейіпкері Мақпал сияқты білімде озат, алдына нақты мақсат қоя білген ұл-қыздарымыз көп болсын деймін!
А. Апамбаева. -
Post Views: 481