Үгіт-насихат кезеңінің басталуымен бірге, қазақстандықтардың алдағы республикалық референдумға деген көзқарасы, қоғамдық пікір үнемі сараланып отырады. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі өткізген соңғы әлеуметтік онлайн-сауалнама нәтижелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Конституциясына түзетулер енгізу бойынша референдум өткізу туралы идеясын қолдау деңгейінің артқанын көрсетті.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 78,52%-ы референдум биылғы жылдың 5 маусымында өтетінін біледі, ал қазақстандықтардың 72,01%-ы референдум өткізу идеясын қолдайды. Бұл ретте қазақстандықтардың шамамен 68,92%-ы дауыс беруге баруды жоспарлап отыр. Өз таңдауын әлі айқындамағандар – 21,79%. Референдум туралы хабардар болу көрсеткіштері 7%-ға, келу ниетінің көрсеткіштері 2%-дан астам өсті.

Әлеуметтік зерттеуді 17-19 мамырда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі онлайн-сауалнама әдісімен жүргізілді. Іріктемеге 18 жасқа толған және одан асқан 4000 респондент алынды.

Сауалнама орындары ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және елдің 14 облысы таңдалды. Еске салсақ, бұған дейін референдум өткізу туралы идеяны қолдаудың жоғары деңгейі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі – 62%-дан 73%-ға дейін (3-5 мамыр), ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (5-10 мамыр) жүргізген сауалнама нәтижелерімен расталған болатын, онда қазақстандықтардың 76,40%-ы түзетулерді қолдаған, сондай-ақ «Қоғамдық пікір» институты» (3-5 мамыр) жүргзіген сауалнама нәтижелері оны қазақстандықтардың 73,33%-ы қолдайтынын көрсетті.