Қосшы қаласының дамуы жаңа белеске көтерілуде
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев 2025 жылдың алғашқы 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп беріп, қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы мәлімдеді.
Азамат Есімұлының айтуынша, қала мәртебесін алған уақыттан бері Қосшыда жүйелі өзгерістер мен инфрақұрылымдық серпін байқалып отыр. Бірнеше жылдар бойы қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Соңғы үш жылда 4 жаңа мектеп салынып, үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді. Бұл білім саласындағы сапалы өзгерістердің айқын көрсеткіші. Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен балабақшалар мен мәдени нысандардың құрылысы жалғасуда.
«Қала бойынша ұзындығы 54 шақырым болатын жолдарға күрделі жөндеу және қайта салу жұмыстары жүргізілуде. Су тапшылығын шешу мақсатында 5 жаңа ұңғыма іске қосылып, су желісіндегі апаттық жағдайлар жойылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі де жүйеленіп, қоқыс алаңдары салынды», деді Азамат Қапышев.
Астана агломерациясын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Қосшыда жалпы құны 236,3 млрд теңгені құрайтын 39 ірі жоба іске асырылуда. Олардың қатарында көпбейінді аурухана, мәдениет үйі, мектептер, балабақшалар, жол, су, газ, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің құрылысы бар.
«4 жылдың ішінде негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 127 млрд теңгеден асты. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 65 млрд теңгені құрады. 2024 жылы алғаш рет 180 отбасы баспанамен қамтылса, биыл тағы 180 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілмек», деді спикер.
Қазіргі таңда 350 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, емхана мен дәрігерлерге арналған тұрғын үй кешені салынады. Бұл жоба тек Қосшы қаласына ғана емес, Ақмола облысының өзге де өңірлеріне қызмет көрсететін болады.
2025-2028 жылдарға арналған 80 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын 26 инвестициялық жоба жоспарланған. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, қаланың салық базасы айтарлықтай кеңейеді.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі басты кедергі – инженерлік инфрақұрылым тапшылығы. Электр қуаты, кәріз тазарту, жылу жүйелері мен су тарту нысандарына шамамен 52 млрд теңге қажет. Бұл жобаларды қаржыландыру мәселесі – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы.
Азамат Қапышев бас жоспар аясында 264 гектар индустриялық аймақты дамыту үшін жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл өндіріс, логистика, қоймалау және шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – Қосшыны өмір сүруге жайлы, экономикасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған заманауи қалаға айналдыру. Бұл бағытта жүйелі жұмыс әрі қарай да жалғаса береді», – деп түйіндеді сөзін қала әкімі.

By admin

Читайте также