6 мыңнан астам ақмолалық отбасы баспаналы болды
Өткен жылы Ақмола облысында тұрғын үй мәселесін шешуде елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 6 мыңнан астам ақмолалық отбасы өздерінің баспаналық жағдайларын жақсартты.
Аймақ бойынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберінде 28 көппәтерлі үй салынды. Бұл тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтар үшін арнайы бөлініп, 1,5 мыңнан астам пәтер ұсынылды. Оның ішінде 4 үй жалға берілді, 20 үй несиелік тұрғын үй ретінде сатылды, ал қалған 4 үй төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасыларға арналып тұрғызылды.
«Республикалық бюджеттен әлеуметтік осал азаматтар үшін қосымша 641 пәтер сатып алуға қаражат бөлінді. Нәтижесінде, бір жыл ішінде 2,5 мыңға жуық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 661 мың шаршы метрді құрады», – деді құрылыс, қала құрылысы және сәулет басқармасының басшысы м.а. Азамат Байқуанышев.
Бұл – тұрғын үй құрылысындағы ауқымды бағдарлама бастамасының алғашқы қадамы ғана. Ал биыл өңірде тағы 24 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, 932 ақмолалық жаңа пәтердің кілтін ала алады. Сонымен қатар, мұқтаж отбасылар үшін 251 пәтер сатып алу жоспарлануда. Қосымша қаржы бөлінген жағдайда тағы 1000 пәтер алуға мүмкіндік туып, бағдарлама ауқымы айтарлықтай кеңейеді.
Аталған шаралар өңір тұрғындарының өмірін тұрақтандыруға және олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға көмектесетіні сөзсіз. Әрбір жаңа үй – бұл аймақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.