Заң және тәртіп: жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің жолдағы қауіпсіздігі
Жол қауіпсіздігі – барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі. Көлік жүргізушілері, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер күн сайын бір жол кеңістігін пайдаланады. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.
Жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – «Заң және тәртіп» қағидатының маңызды бөлігі. Себебі тәртіп әр адамның өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан, белгіленген талаптарды сақтауынан және айналасындағылардың қауіпсіздігін құрметтеуінен басталады.
Жол қозғалысына қатысушылардың ішінде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер ерекше назар аударуды қажет етеді. Олар жол-көлік оқиғасы болған жағдайда ең осал қатысушылардың қатарына жатады.
Жаяу жүргінші жолда мұқият болуы керек
Жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерлерден, яғни жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы кесіп өткені дұрыс. Жолға шықпас бұрын тоқтап, жан-жағына қарап, жолдың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет.
Көліктердің арасынан немесе көріністі шектейтін басқа да кедергілердің тасасынан жолға кенеттен шығу қауіпті.
Жолды кесіп өту кезінде ұялы телефонға алаңдау немесе құлаққап пайдалану да қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Бір сәттік назарсыздық орны толмас салдарға себеп болуы ықтимал.
Қараңғы уақытта жаяу жүргіншілердің киімінде немесе сөмкесінде жарық шағылыстыратын элементтердің болғаны маңызды. Бұл жүргізушілерге адамды алыстан байқауға мүмкіндік береді.
Велосипед – жауапкершілікті талап ететін көлік құралы
Велосипедшілер де жол қозғалысының толыққанды қатысушылары және белгіленген Жол қозғалысы ережелерін сақтауға міндетті.
Жолға шығар алдында велосипедтің техникалық жағдайын, әсіресе тежегішін, дөңгелектерін және рөлін тексеру қажет. Қараңғы уақытта басқа жол қозғалысына қатысушыларға анық көріну де өте маңызды.
Велосипедшілер жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде ерекше сақ болуы тиіс. Жолды велосипедпен жүріп өтуге болмайды. Өткелге келгенде велосипедтен түсіп, оны жанында жетектеп өту қажет. Мұндай жағдайда адам жаяу жүргінші ретінде жол қозғалысы ережелерін сақтайды.
Бұл талап ең алдымен қауіпсіздік үшін қажет. Велосипедтің жылдамдығы жаяу жүргіншіге қарағанда жоғары болғандықтан, жүргізуші өткелге кенеттен шыққан велосипедшіге дер кезінде әрекет етіп үлгермеуі мүмкін.
Құрмет пен жауапкершілік – жолдағы тәртіптің негізі
Жол қауіпсіздігі тек жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ғана байланысты емес. Көлік жүргізушілері де жаяу жүргіншілер өткелдерінде, мектептер мен аулалардың маңында, саябақтарда және балалар көп жүретін жерлерде ерекше мұқият болуы тиіс.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – жай ғана талап емес. Бұл – өз өміріңе, жақындарыңа және айналаңдағы адамдарға деген жауапкершілік.
Күнделікті осындай қарапайым әрекеттерден «Заң және тәртіп» мәдениеті қалыптасады. Әрбір жол қозғалысына қатысушы белгіленген ережелерді сақтап, өзара құрмет танытып, жауапкершілікті сезінген жағдайда жолдарымыз қауіпсіз болады.
«Заң және тәртіп» әрқайсымыздан басталады. Ережені сақта – өмірді сақта!
