ҚҚС мөлшерлемесін көтеру: Экономика министрлігі мәлімдеме жасады

 

 

Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төрт пайызға арттыру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, егжей-тегжейлі талдауға сәйкес ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі көлеңкелі экономика деңгейімен тікелей байланысты емес.

«Мысалы, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15 пайыз болған кезде ЖІӨ-ге шаққанда көлеңкелі экономиканың деңгейі 19,8 пайыз, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге шаққанда 2,7 пайыз болды. Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12 пайызға дейін төмендеді. Алайда саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жыл сайын артып, 2016 жылы ЖІӨ-де 9,2 пайызға жетті. 2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыз болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 3,1 пайыз болды», — деп нақтылады вице-министр.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, ҚҚС ставкасының жоғарылауының инфляцияға әсері шамалы және бір сәттік болады.

«ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді. Бұл инфляция деңгейіне 1 пайыздық тармақ шегінде әсер еткенімен, ауылшаруашылық тауарларына өз әсерін тигізбейді. Өйткені отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жеңілдетілген салық режимдерін пайдаланады. Қазақстан импортының құрылымында 2022 жылы азық-түлік тауарларының үлесі 9,4 пайыз болғанын ескерсек, импорттық тауарлар бойынша ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляция деңгейіне айтарлықтай үлес қоспайды», — деді Әмрин.

Сондай-ақ, ол ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің оң әсерін айтты. Бұл — әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру үшін бюджет мүмкіндігін нығайту және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

«Біздің ойымызша, импорттық тауарларға жүктемені арттыру — салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге импорттық тауарларды алмастыру үшін өз өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді ұлттық экономика вице-министрі.

Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жалғасады.

https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/kks-molsherlemesn-koteru-ekonomika-ministrlg-malmdeme-355779/

 

 

By admin

Добавить комментарий

Читайте также