КӨШЕГЕ 20 ЖЫЛ МАҚТАН ТҰТҚАН КӨШЕМ МЕНІҢ

Шағын ауылдың шырайын кіргізетін – сәулеті жарасқан ғимараттар мен саясы мол саябақтар ғана емес. Затына берілген атауы арқылы тарихтан тамыр тартып, ұлыларымызды ұлықтауға үлес қосатын, ұлтымызды дәріптеуге дем беретін көше аттарының да маңызы зор.

«Жер-судың аты – халықтың хаты» деген сөз бекер айтылмаса керекті. Сондықтан, біз 5 мыңға жуық халқы бар Жақсы ауылындағы елдік ерекшеліктерді танытатын, өткенді өшірмес көше атауларына үңілдік….

Кезең көшінде саяси мәні кетіп, құндылығын жоғалтқан, ескірген атаумен аталатын көшелер бүгінде бұқаралық сипатқа ие болып, халық қалауымен қазақшалану мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Жалпы ауылымызда қазір 43 көше болса, соның 22-сы қазақша атауға ие. «Көшелер ел дамуына үлкен үлес қосқан ел азаматтарының атауымен аталса, ұлттық құндылығымыздың дәріптелгені» дейді жұртшылық. Мағынасы идеологиялық тұрғыдан ескірген көптеген көшелер қазақ ақын-жазушылары және қоғам қайраткерлерінің, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың аттарымен аталып, атаулары жаңартылуда.

 

Бүгінгі әңгімем осыдан 20 жыл бұрын Киров көшесі аталған Кенжеш Түктібаев көшесі.

Көше — толқын, айналған қатты ағысқа,

Табылғандай таныс та, жат дауыс та.

Біреу түсіп келеді «Волгасынан»

Біреу мініп жатқанда автобусқа.

Көше — толқын, жатқандай Арыс тасып.

Біреу мығым, біреулер шалыс басып,

Жаңа ғана екі адам айрылысқан

Жолмен екеу келеді қол ұстасып.

Алғандай-ақ көшеден шабыт анық,

Құс сайрайды бұтақта жағы талып.

Бесік алып біреулер өткен жолмен

Бара жатыр біреулер табыт алып.

Бәлкім, бір жан тыныштық тапты бүгін,

Тыңдашы анау сәбидің шаттық үнін.

Бір көшенің бойында-ақ байқарсың сен

Қаттылығын өмірдің, тәттілігін.- деп Күләш Ахметова жырлаған екен.

 

Әрбір көшенің тарихы бірегей және маңызды оқиғалармен, адамдармен немесе тіпті географиялық нысандармен байланысты. Кенжеш Түктібаев есімі берілген көшенің тамыры терең, рухы жоғары.

 

Достастықтың барлық елдерінде 2025 жылдың басты оқиғасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Әрбір республика фашизмді талқандауға өзінің баға жетпес үлесін қосты, сонымен қатар әрбір отбасында бүгінде Отанды қорғауға келген, майдан даласынан оралмаған, тылдағы жанқиярлық еңбегімен Ұлы Жеңіске қол жеткізген адамдар туралы естелік бүгінге дейін сақталуда.

Соғыстың отты жылдары Кеңес Одағы халықтарының халықаралық бауырластық достығы нағыз ұлы күш екенін көрсетті.

Бүгінгі күні ұлықталып жатқан Түктібаев Кенжеш атамызда сол сұрапыл соғыстың сарбазы болды. Осыдан 20 жыл бұрын Киров көшесі Түктібаев Кенжеш көшесі аталғаны – бұл барлық отанқорғаушылардың ерлігін мойындау, ержүректілік пен қаһармандықты насихаттау.

 

У нас немало земляков,

Прошедших в жизни институт,

Кто в дело вкладывает сердце,

Кто душу вкладывает в труд.

И мы гордимся земляками,

Знакома нам их имена,

Гордимся тем, что рядом с нами,

Живет история сама

 

Кенжеш Түктібаев 1922 жылы 10 қазанда Ақмола облысы, Кима ауданының Кіндікті ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1938 жылы колхозда шопан болып бастады, кейін қызыл бұрыштың меңгерушісі болды.

1941 жылы Ташкент пулеметшілер училищесіне оқуға, одан кейін 1942 жылы майданға жіберілді. Қиян-кескі ұрыстардың бірінде Кенжеш Түктібайұлы ауыр жараланып, 1943 жылдың аяғында алған жарақатына байланысты әскер қатарынан шығарылды.

1943-1956 жылдары НКВД-ның Қима аудандық ішкі істер бөлімінің арнайы жасақтарды бақылау жөніндегі инспекторы болып сол кезден бастап оның 40 жылдық бүкіл өмірі ішкі істер органдарындағы қызметімен байланысты. Кенжеш Түктібайұлы қызметте қатардағы милиционерден, милиция полковнигі, инспектордан аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына дейін жетті.

1957-61 жылдары Кенжеш Түктібайұлы Жақсы ауданының ішкі істер бөлімі  бастығының орынбасары, кейін қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы, 1962 жылдың қазанынан 1966 жылдың мамыр айына дейін Ақмола облысы Қорғалжын ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

1966 жылдың маусымынан 1983 жылдың қазан айына дейін Кенжеш Түктібаев атамыз Жақсы аудандық ішкі істер бөлімін басқарды. Жедел қызметтегі жоғары көрсеткіштері, тәртіптілігі үшін Жақсы аудандық ішкі істер бөлімінің 10 жыл бойы Торғай облыстық партия комитетінің, облыстық атқару комитетінің және ішкі істер басқармасының ауыспалы Қызыл Туын иеленген. Бұл Кенжеш Түктібайұлының сіңірген үлкен еңбегі. Міне, осы жылдары Кенжеш атамыз тамаша басшы, ұйымдастырушы ретіндегі ең жақсы қасиеттері жан-жақты ашылды. Кенжеш Түктібайұлының жауынгерлік және еңбек сіңірген еңбегін туған жер жоғары бағалады.

Кенжеш Түктібайұлы ерекше еңбекқорлығымен, жоғары кәсібилігімен, мақсаттылығымен, талапшылдығымен, туған жерге, өз мамандығына деген риясыз сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Ішкі істер басқармасының 1957 жылғы 25 желтоқсандағы No173 бұйрығымен «Милиция үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1967 жылғы 4 қарашадағы Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сонымен қатар 1-дәрежелі Отан соғысы орденінің кавалерімен марапатталды. Кенжеш Түктібайұлы 1970 жылы республикада алғашқылардың бірі болып «КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сол жылы Жақсы АІІБ КСРО ІІМ аудандық бөлімдері арасында Бүкілодақтық социалистік жарысқа бастамашы болып, бірінші орынды иеленді.

Қазір аудандық полиция бөлімінде Кенжеш Түктібаев атындағы музей орналасқан.

Көп жылдар бойы Кенжеш атамыз адал жарымен қоян-қолтық өмір сүріп, сегіз бала тәрбиелеп, олардан 15 немере, 15 шөбере тарайды.

Ұзақ та абыройлы ғұмыр кешіп, артында жақсы істер мен жақсы естелік қалдырған абзал жанмен мақтан тұтамыз.

 

Кенжеш Түктібаев көшесінде екі жүзге жуық адамдар тұрады, 55 үй, 6 мемлекеттік ғимарат орналасқан. Көше тұрғындары өзіндік бір мінез-құлқы мен  болашаққа оптимистік көзқараспен ерекшеленеді.

Шынында да, көшелер тек жолдар, үйлер мен ғимараттар ғана емес. Бұл өз еңбегімен, ісімен, махаббатымен осы көшенің сәні мен мәнін келтіретін тірі адамдар.

 

Көшесі алыппен аталатұғын,

Бақтары гүлмен жасанатұғын.

Қыраны көкке көтерілерде,

Алатау қарттан бата алатұғын.

Жүзімді желге сүйдірмейін деп,

Тәнімді күнге күйдірмейін деп.

Әйнектерімді жапырақ жапқан,

Қабаттап лыпа кидірмейін деп.

Қыздары сұлу көзі жайнаған,

Ғашық болмасқа тегі қоймаған.

Біреудің жанып бақыт жұлдызы,

Біреудің қаңғып соры қайнаған.

Қарбалас тірлік санада күмән,

Біресе жаңбыр, біресе тұман.

Жағасы-жайлау, даласы-шаһар,

Жақсы дейтін ауылда тұрам.

 

Бүгінде Кенжеш Түктібаев көшесінде лайықты, талантты, табысты, белсенді адамдар тұрады. Чемпиондары да бар – Сабыржан Бекбергенов, мақтан ететін еңбек адамдары – механиктер, сантехниктер, дәнекерлеушілер, аспаздар, тігіншілер, көп балалы аналар, тәрбиешілер, мұғалімдер, балалар.

К.Түктібаев көшесінде өзі қажырлы еңбек жасаған аудандық полиция бөлімі, аудандық сот пен прокуратура орналасқан. Құқық қорғау саласының қызметкерлері — ар мен адалдықтың символы. Халқының өмірі мен тыныштығын тұрақты сақтап отырған ұлан-байтақ қазақ жерінің аманатын арқалайтын азаматтардың айбыны жасымасын.

Көше бойында ауылдын дамуына үлес қосып, еңбектеніп жатқан  кәсіпкерлер, аудандық электр жүйесі, №1 мектеп, «Дән» балабақшасы, аумақтық ветеринариялық-санитарлық бақылау және қадағалау инспекциясы, жастар ресурстық орталығы орналасқан. Көше тұрғындары көпұлтты, бауырмал, көңіл-күйлері әрқашан көтеріңкі.

Әр адамның өз келбеті мен сұлулығы бар шағын Отаны болады.  Әр адамның Отаны – ауылынан, көшесінен, тұрған үйінен басталады. Көше атаулары хабардар адамға көп нәрсені айта алады. Әр атаудың өзіндік шығу тегі бар, әрқайсысының артында шағын тарих бар.  Ата-бабаларымыздын есімі берілген көшелерімізді таза ұстап, тарихымызды ұмытпайық. Ерлердің өшпес ерлігін мәңгі естен шығармайық.

 

Қымбатты Түктібаев көшесінің тұрғындары, ауылдастар! Сіздердің өмірлеріңіз позитив пен жақсылыққа толы болып, қуанышты және жылы күндер көп болсын. Сіздерге сәттілік пен өркендеу, барлық тілектеріңіз бен жобаларыңыздың орындалуын, қажымас денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін. Әрқашан жарқын, қуанышты оқиғалардың ортасында және көңілді, тамаша көңіл-күйде болыңыздар!

 

Айнұр Қайдауылова

Жақсы аудандық орталық кітапхана

кітапханашысы

 

 

 

By admin

Читайте также