Ата Заң эволюциясы

 

 

Қазақ даласында рулық, тайпалық, хандық-мемлекеттік түсінік қалыптаса бастағаннан бері жалпыға ортақ белгілі бір тәртіпке деген сұраныстың туындағаны сөзсіз. Десе де бұл туралы құжатты деректер жоқтың қасы. Не болмаса бұл түсініктер тіпті де қағаз бетіне түспеген, не болмаса жаугершілік заманындағы соғыс салдарынан ізім-қайым жоғалған.

Осы күнге дейін бар екендігі нақты дәлелденіп, қандай да бір тарихи дәлелі бар болып саналатын ең көне заң – Шыңғыс ханның «Ұлы жасағы». Қазіргі таңда бұл заңның түпнұсқасы сақталмағаны туралы бірден айтуымыз керек. Бірақ бұл заңның таңбаға түсіп, нақтылы күшке ие болғаны туралы тарихи деректер жетіп артылады. Мысал ретінде Шыңғыс ханның: «Мемлекеттің меншігін жөнге салып, дау-дамайларды реттеп, ол туралы көк дәптерге жазып отыруы шарт, Шихихутугтің менімен келісіп шешіп, ақ қағазға көк сиямен түсірген хаттамаларын ұрпақтан ұр­паққа дейін ешкім бұзбайтын болсын», деген сөзі тарихта қал­ғанын айтуға болады.

Шыңғыс ханның ғұмырын зерттеуші ғалымдардың дерегіне сүйенсек, бұл шамамен 1210 жылдар болуы керек. Демек, бұл – Қазақ даласындағы алғашқы ресми заң. Қисаптың қисынына салсақ, қазіргі Ата Заңға дейінгі аралықта қазақ даласындағы заңдар эволюциясы шамамен 800 жылдам астам уақытты алады.

Осы сегіз ғасыр ішінде көк дәптердің келбеті құрылған мемлекет, өзгерген өркениет пен жаңа басқару жүйесіне ауысуы секілді тарихи факторларға орай бірнеше мәрте толықтырылып келді. Мәселен, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», әз Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдары болып таңбаланғанын шежіре беттері шатаспай парақтап береді.

Иә, әлбетте бұл біздің төл заңдарымыз. Мұндай бақытты қайта сезіну тек тәуелсіздік алған­нан кейін ғана бұйырды бізге. Егемен елдің ең басты құжаты, ең асыл кітабы Конституция сахнаға шыққан шақ еді ол кез. Бүгінгі тарқатылар тақырыптың төркіні де осы тақырыпқа келіп ат байлап отыр.

Президентіміз наурыз айын­дағы Жолдауында еліміздің сая­си жүйесіне ауыз толтырып айтарлық ауқымды өзгерістер жасайтынын мәлімдеген болатын. Тәуелсіздік тарихындағы ең күрделі сыннан аман өтіп, да­уылды еңсергендегі тыныштықтан соң бұл Жолдаудың жолы да, жөні де басқаша болатынына елі сеніммен қарап, үмітпен күткен еді. Алқалы жиында алаш жұрты арманы орындалардай ауқымды бастамалардың куәгері болды. Соның ең бастысы – Ата Заңымызға енетін өзгерістер туралы ұсыныс еді.

Мемлекет басшысы көп ұза­май бұл басты құжатқа енетін өзгерістер мен толықтырулар халықтың таңдауы болуы тиіс екенін атап өтіп, референдум өтетінін мәлімдеген болатын. Соған сәйкес елімізді демократияландыру бағытында үлкен қадамдар жасалу көзделіп отыр.

Референдум – мемлекетіміздің межелі уақыттан бері орын алып отырған ең елеулі саяси оқиғасы болғалы тұр. Қазіргі Ата За­ңы­мыз соңғы рет осыдан 27 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған болатын. Ал басты заңға одан кейінгі жылдары енгізілген өзгерістер Парламент қабырғасында мақұл­да­нып, халықпен еш санаспай бе­кітіліп келді. Әлбетте, бұл үр­діс ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев ұсынған «Ха­лық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұ­жырымдамасына қара­ма-қай­шы құбылыс. Конс­титу­ция­лық өзгерістерді осынша уа­қыт­тан кейін халықпен кеңесіп қабылдауға деген талпыныс ең әуелі демократияға деген ұмты­лыс болса, кейінгісі алдағы жос­пар­ланған референдумның да ма­ңызын, салмағын өсіретін қадам болмақ.

Енді, біз алдағы жоспар­лан­­ған референдум барысында Кон­сти­туцияға енгізілетін өз­ге­ріс­тердің негізгі ерекшеліктері мен маңызды бастамаларына тоқ­та­лып өтсек.

Бірінші кезекте, әлбетте ең ма­ңыз­ды өзгеріс – мемлекеттік бас­­қа­ру жүйесіндегі мо­дель­­дің өз­гер­уі. Елі­міз­ «супер­пре­зиденттік» басқару үлгі­сінен мықты Парламенті бар президенттік республика формасына көшеді. Демек алда­ғы уақытта Парламенттің ықпа­лы, Үкіметтің есептілігі артатын бола­ды. Президент өзінің өкі­лет­тігі кезінде партиядан шы­ғады. Осылайша, ол барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін сақтай алады. Бұл үрдіс елдің саяси жүйесіне айтар­лық­тай жаңғыру әкеліп, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыратын болады.

Осы тұста аса мән беріп айта­тұғын бір дерек бар. Осы өзге­ріс­тер мен толықтырулардың кезінде Мемлекет басшысы өзі­нің өкілеттігін немесе билігін күшейту үшін бірде-бір өзгеріс жасауға ұсыныс білдірген жоқ. Керісінше, бас құжатқа таң­ба­ла­натын барлық дерлік өзгеріс биліктің басқару институттарын күшейтуге бағытталған.

Мысалы, Мемлекет басшысы бұдан былай облыс әкімдерінің өкім­дерін жоя алмайды. Аудан­дық, ауылдық әкімдерді қыз­ме­тінен ала алмайды. Бұл, түптеп келгенде, Президентіміз айт­қан­дай үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтуға бағытталған шешімдердің басы ғана.

Иә, жоспарланған өзгерістерді әр қазақстандық сезіне алады. Бұдан былай жергілікті атқарушы билік органдары мен жергілікті өкілді органдардың жұмысы үл­кен өзгеріске ұшырамақ. Бір сөзбен айтқанда, олардың дер­бес­тігі артады.

Ата Заңымызға енетін тағы бір айтарлықтай жаңалықтың бірі һәм бірегейі – жер мәселесіне қатысты. Иә, тамыры терең тарихымыздың қай кезеңінде болсын қазақ үшін жер мәселесі қашанда өткір тұрған-ды. Қазіргі уақытта да қоғам арасындағы беті ашық жара секілді ащы мәселе осы жер төңірегінде тұр­ға­ны дәлелді талап етпейтін ақи­қат. Президентіміз ұсынып отыр­ған мәселеге сәйкес осы жер мәселесі түбегейлі шешіліп, тұтастай халық меншігіне өтетін болды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Бұрын бұл мемлекеттік меншік еді.

Жалпы алғанда мемлекетті басқару ісіндегі ең маңызды құрал – сенім. Ал сенімді ұялататын ең үлкен күш – әділеттілік. Пре­зидент ұсынып отырған осы рефор­малардың түпкі негіздері «әділдік» деген асыл ұғымға сая­ды.

Бұл тұста конституциялық сот­тың құрылуы, сөз бостандығы мен журналистер қауымының жұмыстарына жаңа серпін беру, мемлекеттік қызметтегілерге ашық­тық ұстанымын ұстауды талап ету секілді ұсыныстар ха­лық пен қоғам тарапынан жылы қабылданып жатқанын бай­қауға болады. Себебі әділдік пен ашықтық болмаған жағдайда мемлекетке де, қарапайым адам болашағына деген де сенімнің болуы неғайбыл.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған Конституциялық рефор­ма­ның басты мақсаты да осы қағидаларды іс жүзінде көрсету болып табылса керек.

Референдум – маңызды сая­си оқиға. Конституциялық реформаның мәнін халыққа түсіндіру жұмысы қызу жүруде. Осы жұмыстардың аясында Amanat партиясы штабының мүшесі ретінде өңірлерді аралап халықпен, еңбек адамдарымен көптеген жылы жүздесулер өткіздік. Біз барған Шымкент, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай халқы бұл саяси ре­фор­мадан жыл келгендей жа­ңа­лық пен өмірлерін өзгерте­тін жақсылық күтіп отыр. Өңір­лер­дегі азаматтарымыздың Мем­лекет басшысының саясатын қуат­тайтынын, қолдайтынын аңғар­дық. Елдің өзгерістерге деген ықыласы ерек. Енді осы қолдауымызды іс жүзінде көрсету маңызды деп білеміз. Сондықтан, азаматтарымызды 5 маусым күні өтетін жалпыреспубликалық референдумға белсенді қатысуға шақырамыз. Қай заң болсын не өзгерсе, не толықса тарихи кезеңнің бастауында тұра­ды. Шыңғыс ханның «Ұлы жаса­ғы­нан» бергі заңдар эволюциясы да осы көріністі растайды. Бұл – тарихтың жаңа беті. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» түсінігі құр бос сөз бен ұран емес, «Екінші Республиканың» есігін ашатын ұлы сапардың кіріспе сөзі деп қабылдау шарт.

 

Берік УӘЛИ,

«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы

https://egemen.kz/article/313486-ata-zanh-evolyutsiyasy

 

By admin

Добавить комментарий

Читайте также