Қайта оралған мейрам

Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.

Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сөйтіп 2022 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні» мерекесіне Ұлттық мереке мәртебесін қайтарды. Былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.

«Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетері, заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам.

Аталмыш Ұлттық мереке қарсаңында Жақсы ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқытушысы Райымбекова Гүлмира Аманжолқызы тыңдаушылармен «Мәңгілік ел – мәңгілік мұраттардың жалғасы» тақырыбында интеллектуалды ойын сабағын өткізді. Жақсы ауданының №13 өрт сөндіру бөлімі, Аудандық полиция бөлімі, Жақсы ауданының экономика  және қаржы бөлімінің қызметкерлері арасында ұйымдастырылған  интеллектуалды ойын сабақ өте жоғары деңгейде өтті. Сабақ барысында қатысушылар 6 бағыт бойынша («тарих», «кино», «спорт», «көрікті жерлер», «әйгілі есімдер» және «тағамдар»)  өздерінің білім қорын көрсетіп түрлі сұрақтарға ұтқыр да ұтымды жауап берді, ән айтты,  «Мәңгілік ел – мәңгілік мұраттардың жалғасы» тақырыбын өрбіте отырып өз ойларымен бөлісті. Іс-шара қорытындысы бойынша Аудандық полиция бөлімі 1 орын, Аудандық №13 өрт сөндіру бөлімі 2 орын, экономика және қаржы бөлімі 3 орынды иеленді. Сабақ соңында орталық директоры Нұржанова Әлия Арыстанқызы барлық қатысушыларды жеңістерімен  және Республика күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді, жеңімпаздарға мадақтамалар мен сыйлықтар табыс етті.

Барша қазақ елін Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні баршаңызға игілік пен бақыт, бақ — дәулет, ырыс тілеймін. Бұл күн – ата — бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі өркейе берсін.Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін!

 

 

 

Жақсы ауданының ішкі саясат, мәдениет,

тілдерді дамыту және спорт бөлімінің

«Тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы

 Алтынай Қанағатқызы Рахметова

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

By admin

Добавить комментарий

Читайте также