-
Оқу жылы аяқталды. Осыған орай әдеттегі дәстүр бойынша Жақсы ауданы әкімі А. А. Қадыралинаның биылғы 2022 жылғы ауданымыздың «Алтын белгі» мен үздік аттестат иелерімен «Coworking» орталығында кездесуі өтті. Айта кетсек биыл ауданымыздың он оқушысы үздіктер қатарынан көріне білді. Бұл салтанатты жиынға алты жалпы орта білім беру мектептерінің директорлары, Жақсы ауданы білім беру бөлімінің басшысы Е. Р. Шапиев пен мектеп түлектері қатысты. Жиынға келген оқушыларды көрген әр бір жан оларға үлкен мақтанышпен қарап, болашақтарына зор жеміс тілеп жатты.
Салтанатты кеш Жақсы ауданы әкімі А. А. Қадыралинаның құттықтау сөзімен басталып, әрбір оқушымен жеке-жеке танысуымен орын алды. Білімді оқушыларымыз өздерінің мектеп қабырғасында жүрген уақыттарындағы жеткен жетістіктеріне тоқталып, мектеп ұстаздарына аянбай тер төгіп, білім бергендері үшін өз алғыстарын айтып, қандай жоғарғы оқу орындарына түсетіндіктерін мәлімдеп, аудан басшысымен сыр шертті. Білімге құштар түлектеріміз бірі дәрігер боламын десе, енді бірі ұстаздық мамандықты таңдап, жоғарғы білімді маман болып өз ауылдарына оралу ойларында бар екендіктерін де жасырмай, ашып айтты. Жүздесу барысында түлектеріміз өз өнерлерімен де бөлісіп кетті. Жақсы №2 ЖОББМ бітірушісі Гафарова Аида өз өнерін ортаға салып жиналған көпшілік алдында гитарамен керемет ән шырқады. Сондай-ақ, Қима ауылынан келген «Алтын белгі» иегері Мұқан Дінмұхамед барша қатысушыларға қазағымыздың киелі аспабы, қасиетті домбырамен Құрманғазы атамыздың атақты «Адай» күйін орындап, жүректерге шаттық сыйлады.
Әдемі безендірілген орталықтың ішінде болған кездесу барысы мектеп бітірушілердің аудан басшысы А. А. Қадыралинаға өз көкей кесті сұрақтарын қоюмен әдемі жалғасын тапты. Өз сұрақтарында бірі ауданымыздағы жетіспейтін мамандықтарды сұраса, кейбірі үлкен жетістіктерге жету жолындағы қандай қасиеттер болу керекігін түсіндіріп беруін сұраған еді. Білімді түлектердің барлық сұрақтарына аудан әкімі өз жауабын қайтарды. Сұрақтар қойылып, жауаптар алынғаннан кейін құттықтау сөз Жақсы №2 ЖОББМ директоры А. С. Саутоваға және Қима ауылынан келген Мұқан Дінмұхамедтің атасына беріліп, кеш өз жалғасына ие болды.
Керемет әсерге толы болған кездесу марапаттау рәсіміне ұласып, барлық бітіруші түлектерге Жақсы ауданы әкімі А. А. Қадыралинаның атынан Алғыс хат беріліп, ақшалай сертификаттар табысталды. Осындай қобалжу мен толқуларға толы болған кеш өз мәресіне жетіп, естелік фотоға түсу орын алды. -
Post Views: 605