Ақмола облысының әскери міндеттілері есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік туралы ақпарат алды

 

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны барысында Ақмола облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен кездесу өтті.

Іс-шараны №99265 әскери бөлімі ұйымдастырып, оның мақсаты қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері есірткі құралдарын сақтау, пайдалану және заңсыз тарату үшін көзделген жауапкершілік туралы айтып, заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндірді. Сондай-ақ азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына тарту үшін қолданылатын қылмыстық тәсілдер жөнінде ақпарат берді.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу болды. Әскери міндеттілердің басым бөлігі отбасылы азаматтар болғандықтан, полиция қызметкерлері химиялық тәуелділіктің алғашқы белгілерін түсіндіріп, ата-аналар балалардың мінез-құлқындағы қандай өзгерістерге назар аударуы керектігін айтты.

Сонымен қатар есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып жатқан «Әр үйге – наркотест» профилактикалық бастамасы таныстырылды. Қатысушыларға есірткі заттарын қолдану фактісін анықтайтын экспресс-тестілерді үй жағдайында пайдалануға болатыны және олардың отбасы мүшелері арасында мәселені ерте анықтауға мүмкіндік беретін тиімді құрал екені түсіндірілді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Әскери міндеттілер дәріханалық есірткілердің таралуы, есірткіге қатысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік, есірткіге қарсы заңнамадағы өзгерістер және жастарды зиянды ықпалдан қорғау жолдары туралы сұрақтарын қойды.

Кездесу соңында қатысушылар полиция қызметкерлеріне мазмұнды ақпарат үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулер заң талаптарын тереңірек түсінуге ғана емес, отбасы мен жақындарының арасында туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуға да септігін тигізетінін атап өтті.

By admin

Читайте также