Бейбіт Жұқаев Мексикадағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 215-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Морелия (Мексика) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 176-ракеткасы, бразилиялық Фелипе Мелигени Алвестің мысын басты.

Бірінші партияда тай-брейкте Бейбіт шеберлік танытты – 7:6 (7:5).

Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Жұқаев брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта қазақстандық спортшы 13 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін өз есебіне жазды. Бразилиялық теннисші 6 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

Бейбіт Жұқаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 172-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслермен таласады.

Жүлде қоры 200 мың долларға бағаланған Морелия додасы 30 наурызда мәресіне жетеді.

Жарыс жеңімпазы 25,4 мың долларға қоса 125 рейтингілік ұпайға ие болады.

Б.Жұқаев қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 205-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мексикадағы жарыста қарсыласын айқын басымдылықпен ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Тимофей Скатов Испанияда жарыстың 3-ракеткасын ойсырата ұтты.

https://kaz.inform.kz/news/beybt-zhukaev-meksikadagi-turnirdn-shirek-finalina-shikti-52163b/

By admin

Читайте также