ЖЭО мен АЭС 1 ГВт электр энергиясын өндіргенде қанша тонна зиянды зат шығарады
2024 ж. 24 қыркүйек
150
0
Балқаш көлінен АЭС қажеттіліктері үшін жұмсалатын жылдық су ысырабы оның табиғи булануының шамамен 0,33 пайызына ғана тең. Бұл туралы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ядролық физика кафедрасының оқытушысы Амангелді Нұрлан айтты.
«Елімізде органикалық отынды жағу кезінде көмірқышқыл газы — 81,6 пайыз, метан — 12,4 пайыз және азоттың шала тотығы 5,6 пайыз бөлінеді. Бұл — зиянды заттар. Айталық, жылу электр орталығы мен атом электр стансасы 1 ГВт электр энергиясын өндіреді делік. Сол кезде ЖЭО 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 20 мың тоннаға дейін азот тотығын, 1 500 тоннаға дейін майда күл, 3 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газын, 300-400 мың тоннаға дейін күл шығарады. Ал АЭС-те мұндай зиянды заттар 0 тоннаға тең», — деді ғалым ЕҰУ-да өткен дөңгелек үстел отырысы барысында.
Сонымен қатар, ол АЭС Балқаш көлі маңына салынған кезде қанша суды шығындайтындығын атап өтті.
«1200 МВт екі блокты АЭС салқындату мұнараларындағы судың жылдық шығыны 0,063 млрд текше метр деп бағаланады. Балқаш көлінің көлемі -108 млрд текше метр. Балқаш көлінің бетінен булану көлемі жылына 18,934 млрд текше метрді құрайды. Яғни, Балқаш көлінен АЭС қажеттіліктері үшін жұмсалатын жылдық су ысырабы оның табиғи булануының шамамен 0,33 пайызына ғана тең», — деді Амангелді Нұрлан.
Оның дерегінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін 2 есеге артады. Жалпы, әлемде 415 реактор жұмыс істе тұр. Олар 373 735 МВт электр энергиясын өндіреді.
Мұнан бөлек, әлемнің 15 елінде 60 реактор салынып жатыр. Бұл реакторлар пайдалануға берілген кезде қосымша 62 637 МВт электр қуатын өндіретін болады.