Қызылордадағы шаруалар АЭС-ке дауыс беруге ниетті
Халықтық штаб Қызылорда қаласында бірқатар кездесу өткізді
Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қызылорда қаласына келді. Мұнда аналар қауымымен, ақсақалдармен, ауыл тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылордалықтар АЭС салудың маңызын жақсы түсініп, аймақты және тұтастай алғанда елді дамытудың ауқымды жоспарын осы бастамамен байланыстырады.
Қызылордада «Анаға тағзым» орталығында өңірдегі аналар қауымымен кездесу өтті. Штаб мүшелері атап өткендей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана мен баланы қолдау мәселесіне айрықша назар аударады. Жыл сайын әлеуметтік төлемдер сомасы өсуде, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастады, ал жуырда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енген.
Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әр ана баласының денсаулығы мен жарқын болашағына ерекше мән беретінін атап өтті. АЭС – экологиялық тұрғыда ең таза, қауіпсіз энергия көзі. Атом электр станциясының құрылысы көмір өнімдерін пайдалануды едәуір қысқартып, қалалардағы ауа тазалығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, АЭС – болашақ инженерлер, энергетиктер, ядролық физиктер, құрылысшылар және тағы да басқа мамандық иелері үшін лайықты жұмыс әрі кәсіби тұрғыда өрлеу.
«Бәріміз мықты да тәуелсіз Қазақстанда, экономикасы дамыған, болашағы жарқын елде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіргіміз келеді. Атом энергетикасы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін, келешекке бағдарланған қадам. Сондықтан, 6 қазанда атом электр стансасын салуға дауыс бере отырып, біз, ең алдымен, келешек ұрпағымыздың жарқын болашағының негізін қалаймыз», – деді ол.
Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстанда АЭС салуға қажет ғылыми-техникалық база мен кадрлық әлеует бар екенін айтты. Атап айтқанда, Алматының қақ ортасында қуаты аз реактор 60 жылға жуық табысты жұмыс істеп келеді. Онда 700-ден астам адам еңбек етеді. Медицинадан бастап өнеркәсіпке дейінгі түрлі бағыт бойынша зерттеулер жасалады. Барлық жұмыс МАГАТЭ-ның тікелей бақылаумен жүргізіледі. Мұның бәрі АЭС салу кезінде пайдаланылады.
Өңірдегі көпбалалы аналар АЭС түрлі салада – үйдегі жылу мен экологиядан бастап, бизнесті дамытуға және жаңа кәсіпорындардың пайда болуына дейінгі мультипликативті әсер беретін ауқымды жоба екенін атап өтті. Осыған байланысты, өз елінің дамуын қалайтын әр азамат АЭС-ті қолдауға тиіс. Сондықтан Қызылорда облысындағы аналар қауымы бейбіт атомды қолдап, дауыс беруде.
Бұдан соң Штаб мүшелері бетон өндірілетін зауытқа барып, құрылыс саласының өкілдерімен кездесті. «Respublica» партиясының Төрағасы Айдарбек Қожаназаров бейбіт атом құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Мәселен, АЭС салу кезінде отандық құрылыс компаниялары жоғары жүктеме алады. Яғни, тек атом станциясы ғана емес, сонымен қатар ілеспе инфрақұрылым да қоса салынады: кірме жолдар, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары.
Dalatex тігін фабрикасында Штаб мүшелері кәсіпорынның еңбек ұжымымен өнеркәсіптік нысандарды тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызын талқылады. Электрмен жабдықтау проблемасы – барлық өңірге ортақ. Энергия жетіспеушілігі жаңа өндіріс орындарының құрылуын тежейді. Қызылорда облысында соңғы екі жылда электр энергия тұтыну көлемі артқаны байқалады. Өңірде ондаған тұрғын-үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар іске қосылды. Бұл желідегі электр қуатының 23%-ға төмендеуіне әкеліп соқтырды. Атом электр станциясы осы мәселені шеше алады. Қолданыстағы ЖЭО-мен салыстырғанда оның артықшылығы әлдеқайда жоғары.
Осы күні Халықтық штаб өңірдегі ғана емес, ел аумағындағы жетекші мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі саналатын «Торғай-Петролеумға» барды. Мұндай ірі кәсіпорындар жүйелі жұмыс істеуі үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзі қажет. Сондықтан мұнайшылар алдағы референдумда АЭС құрылысына дауыс беруге ниетті.
Сонымен қатар, Халықтық штаб Сырдария ауданы Ақжарма ауылына барды. Тұрғындармен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері ауылдық аумақтарды дамыту ісінде атом электр станциясы ашатын перспективаларға егжей-тегжейлі тоқталды. «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев күн ертең электр энергия тапшылығы туындай қалатын болса, бұл алдымен ауылдық жерлерде сезілетінін атап өтті. Осы орайда, ол ауыл тұрғындарын 6 қазанда ел игілігі үшін маңызды шешім қабылдауға және АЭС құрылысын қолдауға шақырды.
Сондай-ақ, Штаб мүшелері Қазақстан аумағына күріш өсіретін шаруашылықтарымен танымал Нағи Ілиясов атындағы ауылға барып, тұрғындармен кездесті. Ел аумағындағы шаруалар мен фермерлер АЭС-тың маңызын атап өтуде. Сенімді әрі ұзақ мерзімді энергия көзі ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай көп мүмкіндік береді. Бұл – жылыжайлар салу, егіс алқаптарын кеңейту, ауылда жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар тұрғызу. Мұның бәрі отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін бірнеше есе арттырады. Осы орайда, Қызылордадағы ауыл тұрғындарының пікірінше, халықтың АЭС құрылысын қолдауы – тағдыршешті қадам әрі болашақ ұрпаққа деген шынайы қамқорлық. Сондықтан барша қазақстандық алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС құрылысына дауыс беруге және еліміздің дамуына өз үлесін қосуға тиіс.
Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.
Тапсырыс беруші: Оспанов М.Ж.
«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді.