Жолдау һәм сарапшылар сөзі: АЭС Қазақстан үшін бөтен ұғым емес,!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауына қатысты саясаттанушылар не дейді?

1725521979975469.jpg

(Сурет Ақорда сайтынан алынды)

Саясаттанушы Қанат Байұзақов: «Елімізде атом энергетикалық станциясы тақырыбы 2019 жылдан бері қозғалып келеді. Тек 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында АЭС-тың салынуы жайлы шешім халық дауысы арқылы анықталатынын мәлімдеді. Ал 2024 жылы 2 қыркүйектегі Жолдауда референдум 6 қазанда өтетіндігі белгілі болды.

Әрине, бұл еліміз үшін өте өзекті мәселе. Бірі оңтүстік өңірдегі электр қуатының жетіспеушілігін айтып, Ресейден энергияны сатып алуға тура келетіндігін келтірсе, енді бір тарап Украина, Жапониядағы үлкен апатты мысалға келтіреді. Десе де, АЭС Қазақстан үшін бөтен ұғым емес. 1973-1999 жылдары Ақтау қаласында АЭС типтес құрылым жұмыс істеп, тек КСРО дәуірі өткен соң, ескіргеніне және т.б себептерге байланысты өз жұмысын тоқтатты.

Қаншама жыл өтсе де, тұрғындардың АЭС керек пе, әлде керек емес пе деген сұраққа нақты жауап беруі өте қиын. Жоғары деңгейде түсіндіру жүргізілгенімен, бұқара халықтың арасында әлі де бұл жайлы кеңінен айтып түсіндірілмеді. АЭС салу уақыт күттірмес мәселе, дей-тұра оның да күрмеулі тұстары бар. Біріншіден, «АЭС-ты кім салады» деген сұраққа әлі жауап жоқ. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өз ұсынысын білдіргенімен, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Жапония, Франция мемлекеттері де кетәрі емес. Екіншіден, АЭС-тың құны. Қарапайым Түркия АЭС-тың салынуына кемі 10 млрд доллар жұмсалды. Қазақстандағы ақшаның құнсыздануы мен мұнай бағасына тәуелділігін ескерсек, бұл баға 10 жылдың ішінде бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Үшіншіден, мамандардың тапшылығы. Отандық Жоғары оқу орындарында грант санының артуы студенттердің санын арттырғанымен, баллдың төмендеуі мен сапаның төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл болашақтағы сапалы маман тапшылығын тудыруы мүмкін. Әрине, электр энергиясын көрші елдерден қымбат бағаға сатып алу да тиімсіз. Сол себепті сарапшылар осы бір сұрақтарға нақты жауап беріп, АЭС құны қанша болмақ, қаржыны қайдан аламыз, мамандар мәселесі қалай реттеледі деген сұрақтарға жан-жақты жауап берсе, онда 6-қазанда халық өз таңдауын нақты жасайтын болады деп пайымдаймын. Себебі халық арасында АЭС-ке қатысты әлі де толық түсінік қалыптаспаған сыңайлы», — дейді сарапшы.

Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали жолдау жайлы былай дейді: «Биылғы жолдау ішкі мәселелерге көбірек бағытталды. 2023 жылы жолдау экономикалық сұрақтарды көбірек қамтыған еді. Алайда жолдауда салықтық мәселелер мен инвесторларды шақыруға қатысты тұстары да қамтылды. Инвесторларды тарту ел экономикасы үшін маңызды болып тұр. ЖІӨ-ді арттыруға қатысты үлкен жоспар бар. Ол кемі алдағы 5 жылда екі есеге артуы тиіс. Сол үшін инвесторларды көбірек тарту, оларға салықтық жеңілдіктер жасау, қалыптасқан кедергілерді алып тастау қажет. Жолдауда бұл мәселелер айтылды. Қазіргі таңда мұнай бағасы әлемдік саяси шешімдерге байланысты болып қалды. Бұл біз үшін тәуекелге толы сәт, сол себепті де біз инвесторларды тек мұнай емес, ауыл шаруашылығы саласына тарту қажеттілігі айтылды. Ал ауыл шаруашылығы дегеніміз алдағы таңда біздің экономикамыздың бір тірегі болуы тиіс сала. Қазір оның көрсеткіші экономикада 5 пайыз ғана, оны кемі 30 пайызға жеткізу қажет. Әрине ол үшін инвестиция керек, жаңа шешімдер қажет. Сондай бір шешім ол субсидияға байланысты болды. Жолдауда ол мәселе қамтылды. Құжатта бар, ал шын мәнінде жоқ млндаған «мал басы» субсидия алған. Бұл қаржыны ауаға жіберу және ауыл шаруашылығын дамытуға соққы деген сөз. Сол себепті енді субсидия мәселесі қатаң тексеріледі. Жалпы жолдаудың бір тұсы осы экономиканы әртараптандыруға кедергі сәттерді атап, оны жою шараларын ұсынумен байқалды. Ендігі шешім үкімет пен парламентте. Айтылғанды орындау, заңдарды пысықтау солардың еншісінде», — дейді ол.

Mezgil.kz

By admin

Читайте также