Аудан және қала әкімі лауазымына кімдер кандидат бола алады

 

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов аудан және облыстық маңызы бар қала әкімі лауазымына кімдер кандидат бола алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкімі болып сайлануы үшін ҚР азаматы Қазақстан Конституциясында, «ҚР-дағы Сайлау туралы» Конституциялық заңында, ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңда және ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Конституциялық заңның 113-2-бабына сәйкес, ҚР-ның мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру үшін әкімге кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тізбесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен және Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен белгіленген құжаттарды ұсынады. Олар: ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкімі кандидатының қызмет тізімі, еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесі, білімі туралы құжаттар мен олардың қосымшаларының көшірмелері. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, әкімді тисті әкімшілік аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 25 жасқа толған ҚР азаматтарының қатарынан лауазымға сайлайды», — деді Шавкат Өтемісов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Оның атап өтуінше, Конституцияға сәйкес, сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға қатысу құқығы жоқ.

«Бұл Конституцияның 33-бабы 3-тармағында көзделген. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сотталғаны заңды белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынып тасталмаған адам, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды. Кандидат мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына сай келуі тиіс. Өйткені, әкімнің лауазымы мемлекеттік қызметшілер санатына жатады», — деді комиссия мүшесі.

 

https://www.inform.kz/kz/audan-zhane-kala-akimi-lauazymyna-kimder-kandidat-bola-alady_a4111617

By admin

Добавить комментарий

Читайте также