Жауапты науқан ұйымшылдықпен өтіп жатыр – бақылаушы

 

 

Кезектен тыс Президент сайлауының өту барысы бақылаушылар назарында. Көкшетаудағы №3 орта мектепте орналасқан №15 сайлау учаскесіндегі бақылаушы Гүлнұр Мұхамбеталинаның айтуынша, жауапты науқан ұйымшылдықпен өтуде.

«Сайлаушылардың дені түске дейін келе бастады. Әсіресе жастардың қатары көп екендігі қуантады. Ел болашағы үшін өз таңдауларын жасауда. Ертеңіміз үшін әрбір дауыс маңызды. Учаскедегі жауапты қызметкерлер сайлаушыларға дауыс беру тәртібін жан-жақты түсіндіруде. Жауапты науқан талапқа сай өткізіліп жатыр», – дейді ол.

Ақмола облысында кезектен тыс Президент сайлауына 738 сайлау комиссиясы, оның ішінде 21 аумақтық және 717 учаскелік комиссия жұмылдырылды. Олардың құрамында барлығы 4306 өкіл бар.

Олыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың ақпараты бойынша өңірде 517 301 сайлаушы тіркелген.

«Сайлауды сауатты, ашық, заңға сәйкес өткізу үшін біз барлық комиссия мүшелерін оқытуды ұйымдастырдық. Көкшетауда учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін практикалық сабақтар, ауыл әкімдері үшін оқыту семинары өткізілді. Бұл қашықтықтан оқыту ­- тестілеу және сертификаттарды тапсыру, мемлекеттік басқару академиясы филиалы педагогтарының әр ауданға және қалаға – семинарлар және практикалық сабақтармен шығуы. Сайлау комиссияларының мүшелері жауапты шараға жан-жақты дайындалды», — деп атап өтті Манарбек Сәдуов.

1096 тұрғынға сырттай куәліктер табыс етілді. Оны алған адам кез-келген басқа елді мекенде дауыс беруге құқылы.

Ақмола облысында тұрақты тіркелген жері бойынша 693 учаске құрылды, 24-і – уақытша немесе «жабық» учаскелер. Бұл санаторийлер, демалыс үйлері, ауруханалар, тергеу және уақытша ұстау изоляторлары, сондай-ақ әскери бөлімдер. Соңғысы таңғы алтыдан бастап дауыс беруде.

«Дауыс беру уақыты сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін. Сағат 12.00-дегі көрсеткіш бойынша өңірде сайлаушылардың 40,13%-ы дауыс берді. Әскери бөлімдердің командирлері әскери қызметшілерге таңғы алтыдан бастап дауыс беру үшін жүгінді. Заң рұқсат береді, сондықтан біз облыс аумағындағы төрт әскери бөлім 6.00-ден бастап дауыс беретін арнайы қаулы қабылдадық. Егер жабық учаскелерде барлығы тізім бойынша өздерінің сайлаушылар құқығын жүзеге асырса, онда дауыс беру аяқталды деп саналып, хаттама толтырылады», — деді сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов.

Ол сондай-ақ жауапты науқандағы жаңалықтармен бөлісті.

 «Бұған дейінгі сайлауларда міндетті түрде жеке куәлік немесе төлқұжат талап етілетін. Қазір цифрландыру дәуірі, егер смартфонда цифрлық құжаттар болса, оған бюллетень беріледі және дауыс беруге рұқсат етіледі», – деп атап өтті сайлау комиссиясының төрағасы.

Бюллетеньдерге бірінші болып қол қойған дауыс берушілерге сыйлықтар берілді.

 

By admin

Добавить комментарий

Читайте также