АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Орталық комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Мейрам Зекешұлы Қажыкеннің сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Зекешұлы Қажыкеннің сәйкестігі туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шафхат Өтемісов баяндама жасады.
Ол кандидат Мейрам Зекешұлы Қажыкенге қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады.
«Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Қажыкен Мейрам Зекешұлына қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.
Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Қажыкен Мейрам Зекешұлы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес келеді», — деді ОСК мүшесі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай Қажыкен Мейрам Зекешұлы тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 61 жыл бойы тұрады.
Сондай-ақ ол лингвистикалық комиссия бүгін аталған үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы қорытынды шығарғанын еске салды.
«ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінен ұсынылған мәліметтерге сай мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 14 жыл.
Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сай Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсынған Республикалық қоғамдық бірлестіктердің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттары бар»,-деді Шафхат Өтемісов.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы қаулы қабылдады:
«1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін.
Қол жинауды кандидаттың сенім білдірілген адамдары жүзеге асырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Нұсқаулық негізінде жүзеге асыратын болады»,-делінген құжатта.
Еске салайық, М.Қажыкен бүгін ОСК-да емтихан тапсырып жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бүгін Орталық сайлау комиссиясы халықтық коалиция атынан президенттікке ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын талаптарға сай деп шешім қабылдады. Сонымен қатар Қ.Тоқаев лингвистика комиссиясында неліктен емтихан тапсырмайтынын түсіндірді.