Ақмола облысында жол полициясы мен ТЖД бақылауды күшейтті
Ақмола облысында 13–20 қаңтар аралығында ауа температурасының күрт төмендеп, –37 градусқа дейін, ал сезілетін температура –47 градусқа дейін жетуі болжануда. Осыған байланысты жүргізушілер мен тұрғындарға жолда және тұрмыста барлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі ескертілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жол полициясы мен құтқару қызметінің өкілдері мәлімдеді.
Ақмола облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Аманжолов көктайғақ пен қатты аяз кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау аса маңызды екенін атап өтті.
«Жылдамдықты арттыруға, арақашықтықты сақтамауға және қауіпті маневрлер жасауға жол берілмейді. Қысқы шиналарсыз көлік басқаруға тыйым салынған. Жол полициясы тарапынан бақылау күшейтіледі, ал құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ережелерді сақтау – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі», – деді ол.
Ал Ақмола облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ержан Ғаббас жылыту кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын еске салды. Оның айтуынша, пешпен жылыту мен электр жылытқыштарды белсенді пайдалану өрт пен көмірқышқыл газынан улану қаупін арттырады.
«Жанып тұрған пештер мен қосулы электр құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыздар, тұтандыру үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды қолданбаңыздар, жылыту құралдарын балаларға сеніп тапсырмаңыздар. Газдың иісі сезілген немесе көмірқышқыл газының белгілері байқалған жағдайда бөлмені дереу желдетіп, 112 нөмірі арқылы жедел қызметтерге хабарласу қажет», – деді ол.
Жылыту маусымы басталғалы бері облыста 183 өрт тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға аз. Өрт салдарынан төрт адам қаза тауып, екі адам жарақат алған. Негізгі себептер – пешпен жылыту және электр жабдықтарын пайдалану ережелерінің бұзылуы. Алдын алу мақсатында 160 мыңнан астам үй қамтылып, 2,3 мыңнан аса түтін мұржасы тазартылды. Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындардың үйлеріне 11 мыңнан астам түтін және көмірқышқыл газы датчиктері орнатылды.
