*Ақмола облысында «Табиғат жолбасшысы» экологиялық ойыны өтті*
Ақмола облысы Сандықтау ауданының Балкашино ауылында оқушылар мен студенттерге арналған «Табиғат жолбасшысы» атты командалық экологиялық ойын ұйымдастырылды. Іс-шара жастар арасында табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Аталған шара №2 жалпы білім беретін мектеп базасында өтіп, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Интерактивті форматта өткен ойында қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, экологиялық өзекті мәселелерді талқылап, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салды.
Ойын барысында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Командалық жұмыс қатысушыларға өз білімдерін сынап қана қоймай, ынтымақтастық, бастамашылдық және экологиялық ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Жайылғанова, аудандық мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Бүгінде экология туралы тек айту ғана емес, жастарды нақты іске тарту маңызды. Осындай экологиялық ойындар жауапкершілікті қалыптастырып, қоршаған ортаға қамқорлық әр адамның өзінен басталатынын көрсетеді», – деп атап өтті Сәуле Жайылғанова.
Командалық тапсырмалардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушылар тәжірибе жинақтап, жаңа білім алып, жағымды әсерге бөленді. Іс-шараға қатысушылардың жалпы саны 100-ден астам адамды құрады.
