Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Жақсы аудандық Жастар ресурстық орталығы ауданның жетекші кәсіпорындарының бірі – «Айбат» ЖШС-не танымдық экскурсия ұйымдастырды.
«Айбат» ЖШС өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысады. Негізгі бағыттары – сүт өнімдерін қайта өңдеу, ет және сүт өнімдерінің алуан түрін өндіру, сондай-ақ жартылай фабрикаттар әзірлеу. Кәсіпорын өз өндірістік желілеріне заманауи технологияларды енгізіп, тұрғындарды сапалы әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етіп келеді.
Өндіріс үдерісін өз көздерімен көруге мүмкіндік беру мақсатында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Жақсы аудандық Жастар ресурстық орталығы осы кәсіпорынға танымдық экскурсия ұйымдастырды. Бұл шара жастардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының маңызын тереңірек түсіндіруді көздеді.
Экскурсия барысында орталықтың белсенді еріктілері кәсіпорынның ішкі жұмысына жақыннан үңілуге мүмкіндік алды. Алдымен олар шұжық цехының жұмысымен танысты. Цехтың бас технологы Қасымжанова Дариғаш Мұфталқызы өндірістік циклдің кезеңдері және өнім сапасын қамтамасыз ету тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді сертификаттау, қаптау және тұтынушыға жеткізуге дейінгі жұмыстардың жоғары стандарттарға сай жүргізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар еріктілер Голландиялық технология негізінде сыр өндіретін бөлімшеде болып, бұл процестің ерекшеліктерімен де танысты. Мамандар сүтті дайындау, ашыту, қалыптау және жетілдіру кезеңдерін көрсетіп, өнімнің өзіндік дәмі мен сапасын қалыптастыратын маңызды факторларды түсіндірді. Еріктілер сыр өндірісіндегі дәлдік пен технологиялық талаптардың маңызын өз көздерімен көрді.
Осындай толыққанды таныстырылым еріктілерге өндірістегі жауапкершілік, тәртіп, ұйымшылдық және біліктілік сияқты кәсіби қасиеттердің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Жастар нақты жұмыс орнындағы талаптарды көріп, еңбек мәдениетінің өндіріс тиімділігін арттырудағы рөлін айқын сезінді.
Экскурсия соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың болашақ мамандық таңдауға оң ықпал ететінін атап өтті. Өз кезегінде Жастар ресурстық орталығы кәсіптік бағдар беруге бағытталған мазмұнды кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыратынын жеткізді.
By admin

Читайте также