Ата заңымыздағы Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару жайлы баптарды қамтыған құқықтық құжаттың бірі – 88-бап.
4 тармақтан тұратын бұл бапқа бұған дейін де бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бірнеше рет түсіндірмелер жасалған. Десе де осы жолы бұл баптан бір ғана сөз алынып тасталды. Сол бір ғана сөздің өзі еліміздегі саяси жағдайға айтарлықтай өзгеріс енгізе алатынын айқын көрсетіп тұр.
Сөз басында айттық, 88-бап – еліміздегі әкімшілік басқару тетіктеріне арналғанын. Ал осы баптың 4-тармағындағы «Президенті» деген сөздің алынып тасталуы, баптың міндетін қаз-қалпында сақтағанымен, елдегі суперпрезиденттік жүйеден арылудың алғашқы қадамындай көрінеді.
Оқырманымызға түсінікті болуы үшін, 88-баптың қазіргі қолданыстағы нұсқасын ұсынып көрейік: «Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоюы мүмкін, сондай-ақ олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін» делінген қазіргі Ата заңымызда.
Осы жердегі «Президенті» деген сөзді әдейі ерекшелеп көрсетіп отырмыз. Себебі жаңадан ұсынылған жобада дәл осы сөз алынып тасталады. Яғни, бұдан былай жергілікті әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін жоюға Мемлекет басшысы араласпайды деген сөз.
88-бапқа енгізілген өзгерісті төмендегі салыстырудан анығырақ оқуға болады.
Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
88-бап
Жаңа нұсқада: 88-баптың 4-тармағындағы «Президенті» деген сөз алып тасталсын.
Ескі нұсқада: 88-баптың 4-тармағы
- Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоюы мүмкін, сондай-ақ олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.
Ескерту. 88-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді — ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.05.31 N 3/2 қаулысымен.
Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап, 61-бап, 62-бап, 71-бап, 72-бап, 73-бап, 74-бап, 78, 82, 83-баптар, 87-бап.
https://baq.kz/konstitutsiyalyq-reforma-qay-bap-qalay-ozgeredi-88-bap_279785/