Қазақстан – келісім мен өзара құрметтің мекені

Қазақстан – түрлі этностар мен мәдениеттердің тоғысқан ортасы, бейбітшілік пен келісімге негізделген мемлекет. Тәуелсіздік жылдарында еліміз халықтар достығы мен татулығын басты құндылық ретінде айқындап, әлемге бірліктің үлгісін көрсетті. Бүгінде Қазақстан – келісім мен өзара құрметтің нағыз мекені болып табылады.
Еліміздің басты байлығы – көпұлтты қоғам. Бүгінде республикамызда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақ, орыс, өзбек, неміс, татар, кәріс және басқа да этностардың барлығы ортақ шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан толеранттық дәстүрдің, сондай-ақ мемлекетіміздің сарабдал саясатының жемісі. Әрбір этнос өзінің тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтай отырып, Қазақстанның дамуына үлес қосуда.

Көпұлтты қоғамды біріктіріп отырған негізгі институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның қызметі этностардың мәдениетін дамытуға, тілін сақтауға ғана емес, ең бастысы, қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Ассамблея жүзеге асырып отырған түрлі жобалар, кездесулер мен диалог алаңдары халықтар арасында сенім мен достықты арттыруда.
Татулықтың нақты көрінісі – білім беру жүйесі. Қазақстан мектептерінде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде, сондай-ақ басқа да тілдерде білім алуға жағдай жасалған. Бұл жас ұрпақтың өз ана тілін ұмытпай, сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгеруіне, түрлі мәдениеттерді сыйлауға тәрбиелейді. Осындай ортада өскен балалар бір-бірін құрметтеуді, өзгеге жанашыр болуды бойына сіңіріп өседі.
Мәдениет саласындағы жұмыстар да халықтарды жақындастыратын басты құралдардың бірі. Этномәдени бірлестіктер жыл сайын түрлі фестивальдер, концерттер, көрмелер ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар әр ұлттың өнерін дәріптеп қана қоймай, көпшілікке бір-бірінің мәдени құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Мәселен, ұлттық тағамдар фестивалі, достық концерттері немесе спорттық жарыстар қоғамдағы ынтымақ пен достықты айқын көрсете түседі.
Әрине, келісім мен тұрақтылық тек ресми шаралармен ғана емес, күнделікті өмірде де көрініс табуда. Қоғамдық ұйымдар, еріктілер қозғалыстары қарттарға көмек көрсетіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға қамқор болуда. Бұл – халқымыздың ежелден келе жатқан ізгі дәстүрі – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидасының айқын көрінісі. Әсіресе, жастардың белсенділігі ерекше қуантады. Олар түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, ауылды көркейтуге, табиғатты қорғауға, мәдени шараларды ұйымдастыруға атсалысуда.
Жастардың осы белсенді қадамдары еліміздің болашағына деген сенімді күшейтеді. Себебі дәл осы жас буын татулық пен ынтымақты бағалай отырып өссе, ертеңгі күні де ел ішінде бейбітшілік пен келісім сақталады. Мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуі – олардың жаңа бастамаларға батыл қадам жасауына жол ашуда.
Қазақстан – келісім мен өзара құрметтің мекені. Бұл құндылықтар біздің қоғамымыздың алтын арқауы, болашағымыздың берік кепілі. Халық бірлігін сақтау – әр қазақстандықтың басты парызы. Бір-бірімізге құрметпен қарап, ортақ мақсат жолында біріге білсек, еліміз жаңа белестерді бағындырып, әлем алдындағы беделін нығайта бермек.

Лана Рүстемқызы Бикаева — Жақсы ауылының #1 жалпы орта білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

By admin

Читайте также