Мен, Жақсы аудандық мәслихатының жас депутаты ретінде еліміздегі ұлтаралық келісім мен этносаралық татулықтың қоғамдағы орны ерекше екенін мақтанышпен айтқым келеді. Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағына айналған, бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен мемлекет.
Біздің елде әрбір азаматтың тіліне, дініне, мәдениетіне құрметпен қарау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Бұл – халқымыздың дархан көңілі мен ашық жүрегінің дәлелі. Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей институттар осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан біз, жас буын, этносаралық келісімді сақтау, достық пен татулықты нығайту жолында белсенділік танытып, бірлікке негізделген құндылықтарды насихаттауға тиіспіз.
Өзімнің депутаттық қызметімде де түрлі ұлт өкілдерімен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, халықпен етене жұмыс істеу арқылы ел ішіндегі бірлікті бекемдеуге үлес қосып келемін.
«Тату елге тоқшылық нәсіп» дейді халқымыз. Ендеше, ұлт пен ұлысқа бөлінбей, ортақ Отанымыз — Қазақстанның жарқын болашағы үшін жұмыла еңбек ете берейік!
Айым Әділбекова — Жақсы аудандық мәслихатының депутаты
