Волонтер ретінде мен еліміздегі этносаясаттың жүзеге асырылуын, ұлттар арасындағы татулық пен достықты жоғары бағалаймын. Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыстың тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірегей ел. Бұл – Мемлекет басшысының дана саясатының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бірегей институттың арқасы.
«Бақ қайда барасың? — Ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен волонтерлік қызмет барысында терең түсіндім. Мысалы, Жақсы ауданында өткен қайырымдылық акцияларына түрлі ұлт өкілдері белсене қатысып, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарияларға көмек көрсеттік. Бұл — біздің қоғамда ұлтына, дініне қарамай әр адамның құндылығы мен қадірін мойындайтынымыздың дәлелі.
Меніңше, этносаралық келісім тек жоғары деңгейде қабылданған заңдар мен бағдарламалардан ғана емес, әр адамның күнделікті іс-әрекетінен, бір-біріне деген құрметінен көрінеді. Біз жастар арасында толеранттылықты, достықты, өзара түсіністікті насихаттап келеміз. Әрбір волонтерлік бастама — бұл халықтар достығын нығайтуға қосылған үлес.
Еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығы — бәріміз үшін баға жетпес байлық. Сондықтан да әрқайсымыз татулық пен келісімді сақтау жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Мен өз еліммен, осындай көпұлтты әрі бірлігі жарасқан қоғамның мүшесі екеніммен мақтанамын!
Алтаева Малика — Жақсы ауданының еріктісі

By admin

Читайте также