Халықаралық жастар күні – бұл жас буынның әлеуетін, олардың қоғамдағы рөлін және еліміздің өркендеуіне қосып жатқан үлесін көрсететін маңызды күн.
Мен, Жақсы ауданының еріктісі ретінде, қазіргі Қазақстан жастарына үлкен үмітпен қараймын. Бүгінгі жастар – білімге құштар, елжанды, жаңашыл ойлайтын азаматтар. Олар түрлі этнос өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп, қоғамда бірлік пен келісімді нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Нельсон Манделаның: «Жастар – өзгерістердің қозғаушы күші» деген сөзі дәл қазіргі ұрпаққа арнап айтылғандай. Өзім еріктілік қызметімде қазақ, орыс, неміс, татар ұлттарынан құралған жастармен бірге қайырымдылық шараларына қатысып, мұқтаж жандарға көмек көрсеттік. Ондай сәттерде ұлтқа бөлінбей, ортақ ниетпен әрекет еткеніміз – нағыз бірліктің көрінісі.
Халқымыздың «Тату елге тыныштық орнайды» деген нақылы жастар арасында бейбіт өмір мен ынтымақтастықтың маңызын тағы бір еске салады.
Жастар — еліміздің ертеңі. Сол себепті олардың бойындағы патриотизм мен өзара сыйластықты қолдап, арттыру — баршамыздың міндетіміз. Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш, бірлігіміз мәңгілік болсын!
Алтаева Малика — Жақсы ауданының еріктісі
