Жақсы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы ретінде еліміздің болашағы – жастарымызға үлкен сеніммен қараймын. Бүгінгі жас — ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Сондықтан олардың бойында отансүйгіштік сезімді, достық пен келісімді, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Қазақта «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз бар. Біз жастардың тұлғалық қалыптасу жолында олардың құқықтарын қорғап қана қоймай, рухани-адамгершілік тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлеміз. Түрлі этнос өкілдерімен бірлесе жұмыс істей отырып, біз балалар мен жасөспірімдердің бойына төзімділік, өзара түсіністік пен достық құндылықтарын сіңіреміз. Жақында көпбалалы отбасылардың балаларына арналған бірлескен лагерь ұйымдастырдық. Сол жерде әртүрлі ұлттың балалары бір-бірімен танысып, ұлттық ойындар ойнап, бір дастарханнан дәм татты. Бұл тек демалыс емес, шынайы келісім мен бірліктің үлгісі болды. Олар бір-бірінің тілін, мәдениетін құрметтеуді үйренді. Осындай шаралар жастардың рухани әлемін байытып, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біздің басты құндылығымыз – бейбітшілік пен келісім. Жастар осы ұстанымды жүрегімен сезініп өсуі керек. Абай атамыз айтқандай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – міне, біздің жастарға берер басты тағылымымыз осы болмақ. Ұлты мен тіліне қарамай, әр бала өзін осы елдің перзенті ретінде сезініп, Отанын сүюді, бір-бірін құрметтеуді үйренуі тиіс.
Бүгінгі жас — ертеңгі мемлекет тұтқасы. Сондықтан жастарымыздың білімді, бірлікшіл әрі отансүйгіш болып өсуі – еліміздің жарқын болашағының кепілі.
Сегизбаева Назгуль — Жақсы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы
