Қазақстан – көпұлтты, көптілді, көпмәдениетті ел. Мұнда түрлі этностар бейбіт өмір сүріп, өз мәдениетін, дәстүрін сақтап, бірлікте еңбек етіп келеді. Бұл – біздің ең басты байлығымыз. Ел ішінде ұлтаралық келісімді нығайту – тек мемлекет пен билік органдарының ғана емес, әр азаматтың, соның ішінде білім беру саласы мамандарының да маңызды міндеті.
Мен, Қима жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологы ретінде, балаларды тәрбиелеуде өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет, толеранттылық, достық сынды құндылықтарды күнделікті жұмысымда басты назарда ұстаймын. Мектебімізде әртүрлі ұлт өкілдерінің балалары білім алады. Балалар бір-бірімен тату, бірлесе жұмыс істейді, ортақ іс-шараларға белсене қатысады. Осындай ортада тәрбиеленген ұрпақ болашақта ұлтаралық татулықты сақтай білетін, елінің нағыз патриоты болатынына сенемін.
Бір күні сынып сағаты барысында оқушылардан: «Сенің досың басқа ұлттан болса, қандай сезімде болар едің?» деген сұрақ қойдым. Балалардың жауабы мені қуантты: «Біз үшін адамның ұлты маңызды емес, оның жүрегі таза болса болды», – деді бірі. Осы жауаптан-ақ еліміздің болашағы жарқын, бірлігі бекем екенін сезіндім.
Қазақ халқы: «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – дейді. Бұл сөздің мағынасы терең. Ұлтаралық келісім мен ынтымақ – тұрақтылықтың кепілі. Еліміздің Президенті айтқандай, «Қазақстан – барша қазақтандықтардың ортақ үйі». Осы ортақ үйдің әрбір мүшесі бейбітшілік пен келісім жолында еңбек етуі тиіс.
Мен өз жұмысым арқылы осы ұстанымдарды жас ұрпаққа жеткізіп, оларды бірлікке, достыққа, патриоттыққа тәрбиелеуді басты парызым деп білемін. Ұлтаралық татулық – бұл тек ұран емес, бұл – біздің күнделікті өміріміз, ортақ болашағымыздың берік негізі.
Айнұр Қайроллақызы Тапаева — Ғ.Әбдірахманов атындағы Қима жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологы
