Филиппинде өткен биология пәнінен мектеп оқушылары арасындағы ең беделді жарыстардың бірі — Халықаралық биология олимпиадасында (IBO-2025) қазақстандық команда төрт бірдей қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасының сапында Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ержанұлы өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
IBO-2025 олимпиадасына биыл 80 елден 320-дан астам оқушы қатысты. Жарыс теориялық және практикалық екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар молекулалық биология, генетика, экология сынды күрделі тақырыптарда тапсырмалар орындап, нақты зертханалық жұмыстар жүргізді.
Құраманың басқа мүшелері де еліміздің әр өңірінен жиналған дарынды оқушылар:
Ерсұлтан Қайыркен (Павлодар облысы),
Айғаным Балташева (Астана),
Алихан Ашырханов (Алматы).
Барлығы да қола медаль иеленіп, команда 100 пайыздық нәтижемен елге оралды.
Жас зияткерлерді жарысқа дайындаған ғылыми жетекшілер — Лейла Асқарова мен Ильяс Сакимов.
Айта кетейік, Қазақстан бұл олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алған.