IMO-ға Қазақстаннан қатысқан 6 оқушымыздың төртеуі күміс, екеуі қола алып, барлығы жүлделі қайтыпты. Құтты болсын!
Математикадан халықаралық олимпиадада (International Mathematical Olympiad) – мектеп оқушыларына арналған математикадан әлемдегі ең беделді олимпиада. Әр елден 6 оқушыдан қатысады негізінен. Биылғы IMO-2025 Аустралияда өтті.
Олимпиадаға 110-нан астам елден 650-ге жақын ең мықты жас математик қатысқан. Командалық есеп бойынша тағы Қытай көш бастап, 6 алтын қанжығалап, жалпы 231 ұпай жинапты. Екінші орында АҚШ тұр, 5 алтын, 1 күміспен 216 ұпай алған. Ал Қазақстан 175 ұпаймен командалық есепте 17-орынға табан тіреген. Жүздеген елдің арасында алдыңғы 20-ға кіру жақсы жетістік, меніңше! Бірақ осындай білім олимпиадалары туралы қаншалықты біліп жатырмыз?
Мұндай олимпиадалар не үшін маңызды? Біріншіден, зияткерлік капитал қалыптастырады. IMO секілді жарыстар талантты жастарды ерте жастан ғылымға бағыттап, терең ойлау мен күрделі мәселелерді шешу машығын дамытады.
Екіншіден, әлемдік аренада елдің беделін арттырады. Білімдегі жетістіктер халықаралық аренада елдің интеллектуалды әлеуетін паш етеді. Бұл — білім «медалі».
Үшіншіден, ғылым мен технологияға жол ашады. Олимпиада түлектері кейіннен әлемдік университеттерде білім алып, ІТ, математика, инженерия сияқты стратегиялық салаларда елге пайдасын тигізеді.
Ол үшін Қазақстан неге мән беруі керек?
Алдымен ауыл және қала арасындағы білім алшақтығын азайту қажет. Олимпиада деңгейіндегі дайындық тек ірі орталықтарда емес, шалғай өңірлерде де қолжетімді болғаны жөн. Биыл жарысқа барған 6 оқушының төртеуі Алматы, біреуі Астана, біреуі Ақтөбеден. Басқа облыс, аудандардан жоқ. Тағы бір қызығы, бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда төртеуі жеке мектептен қатысып отыр (екеуі Алматы Haileybury, біреуі Астана Spectrum, біреуі Алматы Nurorda), ал біреуі Алматы РФММ, біреуі Ақтөбе БИЛ оқушысы.
Бұл нені көрсетеді? Жеке мектептер осындай беделді олимпиадалар арқылы өз беделін арттыруға талыпынып жатыр. Ең мықты оқушыларды таңдап алып грант береді. Әрі дайындауға да мүмкіндік бар. Өзім олимпиадаға оқушы дайындаған адам ретінде айтайын, IMO-ға шығарудың өзі оңай жетістік емес. Сіз не дейсіз?
Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби дамуы маңызды. Математика пәні мұғалімдеріне арнап тереңдетілген курс, әдістемелік қолдау, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін арттыру қажет.
Дарынды оқушыларды барынша ерте анықтап, оларды қолдауға мән берген жөн. Бастауыш пен орта буында қабілетті балаларды анықтап, арнайы бағдарлама арқылы дамыту – ұзақмерзімді табыс кепілі. Олимпиадалар көп болған сайын шын жүйріктерді анықтау мүмкіндігімен қоса, оқушылардың бәсекелі ортасын қалыптастырып, дамуына мүмкіндік береді.
Олимпиада дайындығына арналған инфрақұрылымға келсек, арнайы дайындық орталықтары, ғылыми үйірмелер, интеллектуалдық лагерьлер желісі кеңейтілуге тиіс. Осылайша жағдай жасаймыз әрі есеп шығару машықтарымен қатар, шешім қабылдау мен логикалық ойлау дағдысын жетілдіруге де мән бере аламыз.
Қорыта айтқанда, IMO – жай жарыс емес, елдердің интеллектуалдық қуатын, ғылыми әлеуетін айқындайтын арена. Қазақстанның 2025 жылғы жетістігі еліміздегі білім беру саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Бастысы – қазіргі жетістіктерді негізге алып, оны тұрақты жүйеге айналдыру, білім беру саясатының маңызды бір бөлігі ретінде мән беру. Себебі елдің болашағы зияткер жастардың қолында.
Екінші суретте алдыңғы топ 20-ға кірген елдер. Жалпы командалық нәтиже сілтемеде:
https://www.imo-official.org/year_country_r.aspx?year=2025