Қазақстан U18 құрамасы әлем чемпионатында Аустрияны жеңді
Қазақстан құрамасы Венгрияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы хоккейден әлем чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді.
Аустрияға қарсы өткен матчта бапкерлер құрамы команда сапында бір ғана өзгеріс енгізді. Қақпада Тәңірхан Алпысбаевтың орнына Данил Лыткин шықты. Бірінші кезеңде біздің хоккейшілер қатарынан үш шайба соқты. Есепті Бексұлтан Мақыш ашты, кейін Аристарх Киреев пен Руслан Түсүпбеков тағы бір-бір гол салды. Үшінші кезеңде қарсылас есеп айырмасын минимумға дейін қысқартты. Бірақ Санжар Ибрагим бос қақпаға шайба соғып, ойынның нүктесін қойды.
Аустрия U18 – Қазақстан U18 2:4 (0:3, 1:0, 1:1)
0:1 – 05:22 – Мақыш (Ибрагим, Сәркенов)
0:2 – 13:24 – Киреев (Медведев, Евплов)
0:3 – 14:40 – Түсүпбеков (Бақыт, Міндубаев)
1:3 – 35:53 – Коларик (Оберхаузер, Хутцингер)
2:3 – 49:21 – Оберхаузер (Коларик)
2:4 – 58:53 – Ибрагим
Қақпашылар: Хайтцман – Лыткин
Айта кетейік, көш басында – Дания құрамасы. Келесі ойында олар турнирдің жеңімпазы атағын ресми түрде иеленуі мүмкін. Элиталық дивизионға тек бір ғана команда өтеді. Ал Қазақстан енді даниялықтарды қуып жете алмайды.
Жасөспірімдер алда әлем чемпионатындағы соңғы матчта Украинамен кездеседі. Кездесу 26 сәуір күні Астана уақыты бойынша 22:30-да басталады.