Мектептерді жаңғырту: білім берудің жаңа мүмкіндіктері
Білім – ұлт болашағының негізі. Әрбір балаға сапалы білім алу үшін қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта білім беру саласын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
2023 жылы Ақмола облысында үш ауысымды оқыту мәселесі жаңа мектептердің пайдалануға берілуінің арқасында сәтті шешілді. Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылында 300 орындық мектеп, ал, Қосшы қаласында 1200 орындық заманауи оқу орны ашылды. Бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін жағдайды айтарлықтай жақсартты.
Жаңа білім беру мекемелерін салумен қатар, қолданыстағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізу үшін жыл сайын қаражат бөлінеді. 2025 жылы 32 білім беру нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсаттарына 7,1 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 17 білім беру нысанын жаңарту үшін 4 миллиард теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес облыста мектептерді жаңғыртудың үш жылдық жоспары бекітілді, оған күрделі жөндеу мен білім беру мекемелерін жаңарту кіреді. 2027 жылға дейін кешенді жөндеуді қажет ететін 90 мектеп жаңғыртылады. Жұмыс кестесі әр жылға бөлінгенде 2025 жылы – 20 мектеп, 2026 жылы – 29 мектеп, 2027 жылы – 41 мектеп болып келеді.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 20 мектепті жаңғыртуға 9 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа үлгідегі 50 кабинет сатып алу жоспарланып, оған 300 миллион теңге бөлінген. Оқу сыныптарын заманауи жабдықтау жұмыстары инновациялық оқыту әдістерін енгізуге және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қабылданып жатқан осы шаралардың барлығы өскелең ұрпақ үшін жайлы және қауіпсіз оқу жағдайларын жасауға бағытталған. Мектептерді жаңғырту жобаларын жүзеге асыру өңірдегі білім беру саласының дамуына игі ықпал етіп, балаларға заманауи білім беру стандарттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Досұлан АЙТБАЕВ,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары