Марат Молдағұлов елімізде АЭС салу туралы: Ұтпасақ, ұтылмаймыз
— Марат мырза, атом энергетикасы саласы маманы ретінде Сіздің өзіңіз қандай пікірдесіз?
— Менің пайымдауымша, 2035 жылға қарай елімізде электр энергиясы тұтынысы 36 МВт-қа дейін артады. Ал бүгінгі таңда бізде жұмыс істеп тұрған өндіруші станцияларымыздың көпшілігі, яғни 70 пайызының тозығы жеткен. Көмірмен жұмыс істейтін станциялардағы да жағдай мәз емес. Ал бұл кезде электр энергиясы тұтынысының жыл сайынғы өсімі 3 пайыздан асып отыр.
Жалпы, бізде көмірмен, газбен жұмыс істейтін станциялар, сондай-ақ ГЭС те бар екені белгілі. Одан бөлек, елімізде жасыл энергия (жел, күн) көздерінің арқасында жұмыс істейтін станциялардың салынып жатқан жайы бар. Әрине, олардың әрқайсысын дамытып отыру қажет, сонымен қатар атоммен жұмыс істейтін станцияға да баса назар аударған жөн.
Иә, мен елімізде АЭС салуды маман ретінде қолдаймын. Жалпы, атом станциялары тұрақты әрі үздіксіз ток өндіретін көзге жатады. Мәселен, егер жаңғыртылатын энергетика тұрақсызға жатса, яғни ол ауа райы құбылысына тәуелді ғой, күннің ашықтығына немесе күннің желді болуына дегендей, ал атом энергетикасына бұлардың еш әсері жоқ.
— Дегенмен одан қоршаған ортаға зиян келмейді ме? Бұл сұрақ көпті алаңдатары сөзсіз. Мәселен, Фукусимадан шығатын қалдықтар теңізге ағып, экологиялық зардаптар тудыруда деген мәлімет бар…
— Қоршаған орта демекші, біз Париж хартиясына қосылғанбыз, оған сәйкес атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындылар көлемін азайтуға міндеттеміз. Мәселен, органикалық отынды жағу кезінде ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының шығарындылары 82 пайызға дейін, метан 13 пайызға дейін, азот тотығы 5,5 пайызға дейін жетеді. Міне, біздегі осы зиянды шығарындылар көлемін азайту керек.
Халықаралық талап осындай. Сондықтан атом энергетикасын жасыл энергетика ретінде қолдану, міне осы мәселемізді шешіп бере алады. Оның үстіне атом энергиясының генерациясы кезінде күл де, түтін де бөлінбейді, сонымен қатар мұндайда қалдықтарды сақтауға үлкен территория іздеп әлек болмайсыз.
Сонымен қатар, қазір кейбіреулер «Қазақстанда атом электр станциясы салынса, оны істететін кадрлар жеткіліксіз» дегенді айтып қалады. Мен мұнымен келіспеймін. Кезінде Қазақстанда Шевченко қаласында (қазіргі Ақтау) бүкіл КСРО мен әлемдік қоғамдастық үшін орасан зор тәжірибе бола білген жылдам нейтронды әлемдегі алғашқы БН-350 атомдық реакторы салынды. Қала да осы реактордың арқасында салынды, ал мұнда тұратын адамдар су, жылу, электр энергиясының жетіспеушілігі деген мәселені білмеді. БН-350-ден алынған энергия тарифтері дәстүрлі станцияларға қарағанда әлдеқайда төмен болғанын айтпай-ақ қойса да болады.
Сонымен қатар, БН-350-дің барлық жұмыс кезеңінде бір де бір апат болған жоқ, ядролық отынның ағуына әкеліп соқтырған штаттан тыс жағдайларға мүлде жол берілмеді. Өйткені ол арада көпдеңгейлі бақылау жұмыс істейді. Мәселен, әрбір қызметкердің қалтасында өлшегіш құралы (дозиметр) болды. Олар үнемі жүрген жерінде сол құрылғыға қарап, барлығын байқап отырады. Одан бөлек АЭС-қа жапсарлас жатқан территория, қоршаған орта, атап айтқанда, су, ауа, топырақ, жер асты су – барлығы үнемі тексеріліп отырады. Ал соңғы жылдары телеметрия, цифрлық технология қатты қарыштап дамыды, сондықтан бұл ретте ондай проблема болмайды деп санаймын. Бұрынғыдай қолмен өлшеп жүрмейді, барлық жерге датчик орнатып қойса, болды емес пе?..
— Демек, бізде тәжірие бар. Осы арасына кеңірек тоқтала кетсеңіз…
— Негізі, АЭС-тің ел дамуына мультипликативті әсері бар. Бұл, ең алдымен, атом энергетикасымен байланысты ғылым мен технологияның дамуы. АЭС салынса, қолданыстағы зерттеу орталықтарының әлеуеті барынша пайдаланылатын болады. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік әлеует күш ала түседі, мәселен қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған уран кен орындары, уран таблеткаларын өндірушілер жұмысы жанданады, олар одан сайын дамып, потенциалы толыққанды игерілетін болады.
Қазақстан атом электр станцияларына арналған отын өндірісі бойынша әлемде бірінші, уран қоры бойынша екінші орында тұр. Сондықтан біз уранды шикізат ретінде сатып қана қоймай, оның өзге де әлеуетін өз қажеттіліктеріміз және халықтың игілігі үшін пайдалануымыз керек. Әрине, атом энергиясы генерациясы атом энергетикасын қамтамасыз ететін ғылыми институттарды қайта жандандырып, өнеркәсіптік кәсіпорындарға екінші өмір сыйлайды. Сондықтан, АЭС салсақ, одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Сондай-ақ, бұл арада атом энергетикасының пайдалы әсер ету коэффициентіне (тиімділік) де тоқтала кеткім келеді. Барлық ғылыми орталықтардың мәліметтері бойынша, дәстүрлі көмірсутек шикізатын (көмір және газ) пайдаланған кезде максималды тиімділік 18 пайызға дейін жетеді. Жасыл энергияны пайдаланған кездегі тиімділік коэффиценті 30-35 пайыз, ал атом энергетикасында 90 пайызды көрсетеді. Бұл да АЭС салуды қолдауда арқа сүйейтін дәйекті аспект.
— Дегенмен АЭС-ті күтіп-баптап ұстау оңай шаруа болмас?..
— Қазір әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АЭС 60 жылға дейін қалтқысыз жұмыс істейді, ал қосымша жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, оны 80, тіпті одан да көп жылға дейін пайдалануға болады. Ал дәстүрлі көмір және газ станцияларының қызмет ету шегі — 25 жыл. Оның үстіне станция алатын территория көлеміне қатысты да артықшылық бар. Қазір сөз болып жатқан 2,8 ГВт қуатындағы АЭС-ты салу үшін 100 гектар жер телімі қажет болады, мәселен, салыстымалы түрде жасыл энергетика қажет ететін аумақтың көлемі шамамен 4000 гектарды құрайды…
— АЭС жұмысына Балқаш көлінің суы пайдаланылатыны айтылып жүр. Балқаштың онсыз да экологиялық мәселесі шаш етектен. Бұл мәселе АЭС салынғаннан кейін ушыға түсуі ықтимал емес пе?
— Жоқ, бұл — қате пікір.
Мысалы, БН-350 атом реакторлық қондырғысын, су тұщыту зауытын салқындатуға жұмсалған судан құралған Қаракөлді алалық. Міне, соны радиоактивті көл деп айта аламыз ба? Жоқ, керісінше ол ара қазір табиғи резерватқа айналған. Көлге алыстан ұшып келген түрлі құстар келіп қонып жатады…
Бүгінгі күндергі энергетикалық кешендерде градирни деп аталатын суытушы жүйе пайдаланылады. Балқаштың маңында АЭС тұрғызылмас бұрын, суытудың үшінші контуры жүретін, міне осы градирни салынады. Оның үстіне жылу бөлетін элементпен түйсетін суытудың бірінші контуры тұйық жүйеде жұмыс істейтін болады. Ол арада арнайы дайындалған су қолданылады.
Тұйық жүйеде жұмыс істейтін екінші контур бірінші контурдағы жылуды алып, турбинаға бу жібереді. Көлдің жанында, міне осындай үш баспалдақты қауіпсіздік жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан бұл ретте аса бір алаңдауға негіз жоқ.
— Тұщымды сұқбатыңыз үшін рақмет!