Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша 6 қазанда атом электр станcасын салу жөнінде референдум өтеді. Халық қолдаған жағдайда АЭС-ті Балқаш маңындағы Үлкен ауылына салу мәселесі қазірдің өзінде талқыланып жатқаны белгілі.
Қауіпсіздік үшін тиімді басқару жүйесі қажет
468
оқылды
Егер «АЭС салынатын болса, ол қалай жұмыс істейді, оған қанша су қажет, Балқашқа әсері қандай болмақ және радиоактив қалдықты не істеуге болады?» деген сұрақтарға мамандар жауап беруі керек. Сондықтан біз  ҰЯО РМК АЭИ филиалы сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзырет орталығының директоры, PhD докторы Арман Миниязовты әңгімеге тартқан едік.

– Сіздіңше елімізде АЭС салудың маңыз­дылығы қандай? Халықты мемлекеттің нақты қандай жобаны таңдайтыны және оған қойы­латын негізгі талаптар қандай болатыны туралы сұрақтардың алаңдататыны анық. Ендеше оқырмандарымызға еліміз үшін таң­далатын АЭС-тің қауіпсіздік және эко­номи­калық параметрі қандай болатыны туралы айтып беріңізші…

– АЭС салу мәселесі көтерілгенде халық­тың ең басты алаңдаушылығы – бұл, әрине, қауіпсіздік. Бұл орынды, себебі атом энергетикасының тарихында болған апаттар (Чернобыль, Фукусима) бәрінің есінде. Сондықтан Қазақстан Үкіметі осы салада ең жоғары қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін жоба таңдайтыны күмәнсіз. Еліміз үшін таңдалатын атом электр стан­сасының қауіпсіздігі басты басымдыққа ие болуы керек. Бұл мақсатта бірнеше негізгі параметр ескеріледі. Үкімет қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ететін ең озық техноло­гияларды қолдануға мүдделі болуы тиіс. Бұл 3+ буын реакторлары, мысалы, ВВЭР-1200 сияқты реакторлар қарастыры­луда. Мұндай реакторлар апаттардың алдын алу үшін автоматтандырылған жүйелерге ие және электр қуатының сөнуіне немесе бас­­қа да төтенше жағдай­ларға қарамастан, өз­дігінен суытылатын технологиялармен жабдықталған.

АЭС жобасын таңдауда тек қауіпсіздік қана емес, оның экономикалық тиімділігі де маңызды. Бұл салада келесі факторлар ескерілетін болады: АЭС-тің құрылысы қома­қты қаржылық шығынды талап етеді. Алайда бұл инвестициялар ұзақмерзімді перспективада өзін ақтайды, өйткені АЭС-тің қызмет ету мерзімі ұзақ (60 жыл немесе одан да көп). Ал оның өндіріс шығын­дары салыстырмалы түрде тұрақты. АЭС іске қосылғаннан кейін елдегі электр энергиясы­ның бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл энергетикалық тап­шылықты жойып, ұзақмерзімді перс­пективада электр энергиясының құнын төмендетуге әсер етуі мүмкін. АЭС құрыл­ы­с­ы жаңа инфрақұ­рыл­ымды дамытуға септігін тигізеді. Соны­мен қатар бұл жоба жұмыс орындарын құ­рып, білім мен ғылы­ми-зерттеу жұмыс­тарын ынталан­дырады.

Қазақстан үшін АЭС таңдау кезінде қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік қатар жүреді. АЭС салу арқылы Қазақстан бол­ашақта энергия тапшылығын шешіп қана қоймай, экологиялық таза және тұр­ақ­­ты энергетикалық жүйені қалыптас­тыруға мүмкіндік алады.

– Халықаралық ғылыми практикада атом энергетикасын пайдалануда қай елдің  тех­нологиясы озық және біз қай елдің тә­жіри­бесіне жүгінгеніміз дұрыс деп ойлайсыз?

– Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы серіктесі көп. Олардың ішінде Ресей, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер бар. Әрқайсысы өз технология­ларын ұсынуда. Мысалы, Ресейдің ВВЭР-1200 реакторлары әлемде кеңінен қолданы­лып, өзін сенімді, қауіпсіз және тиімді тех­нология ретінде танытты. Сонымен қа­тар Франция мен Қытайдың да АЭС салу­дағы тәжірибесі мол. Франция атом энер­гетикасын қолданудағы көшбас­шы­лар­дың бірі болса, Қытай да ядролық технологияларды дамытушы ірі ел. Біздің таң­да­ған жоба осы елдердің үздік тәжіри­белері мен технологияларын қамтитын болады.

– Үшінші буын реакторының қауіпсіздік өлшемі қандай? Мәселен, бүгінгі күні атом энергиясын бір тарап «жасыл энергия көзі» мүл­дем қауіпсіз десе, бір тарап оған күмәнмен қар­айды. Мұндай қайшылықтың себебі не деп ойлайсыз?

– Үшінші буын реакторлары (немесе 3+ буын реакторлары) қазіргі заманғы атом энергетикасының ең жоғары қауіп­сіздік стандарттарын қамтамасыз ететін техно­ло­гиялар болып саналады. Олардың қауіп­сіздік өлшемдері бірнеше маңызды аспектіге негізделген. Негізгі артықшылық­тарының бірі – пассивті қауіпсіздік жүйе­лерінің болуы. Бұл жүйелердің ерекшелігі – олар электр қуатынсыз немесе оператор­лық ара­ласусыз автоматты түрде жұмыс істейді. Мысалы, реактор салқындату про­цесі табиғи жолмен, ауырлық күші неме­се қы­сым айырмашылығы арқылы жүзеге асыр­ылады. Сондықтан электр қуа­ты өшкен жағ­дайдың өзінде апаттық салқындату мүм­кіндігі бар. Олар жедел апат­тық жағ­дайл­арды басқару жүйелерімен жабдықталған. Бұл жүйелер операторлар апатты анықтаған кезде оны автоматты түрде жоюға және жүйелерді ретке келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл ре­ак­торлар апатқа төзім­ділікке ие, яғни олардың жұмысы апатты жағдайларда да ұзақ уақыт бойы қауіпсіз болып қала бер­еді. Бұл реакторлар­дың жобалануы бары­сын­да олардың сейсмикалық белсенді аймақтарда да қау­іп­сіздік талаптарына сай жұмыс істеуі көзделген. Мысалы, сей­смикалық күштердің әсерін азайту үшін реакторлар мен олардың қоршаулары арнайы техникалық шешім­дермен күшей­тілген.

Атом энергетикасының алғашқы кез­ең­дерінде (Чернобыль сияқты апаттарды еске алсақ) қауіпсіздік деңгейі төмен болды, ал қазіргі технологиялар, соның ішін­де 3+ буын реакторлары, қауіпсіздік тұрғысынан әлде­қайда жетілдірілген. Бірақ өткен апаттар халықтың есінде сақталып, сенімсіздік ту­дырады. Тарихи жағдайлар мен қорқыныш жаңа технология­лардың қауіпсіздігін түсінуді қиындатады.

Әр елдің атом энергетикасын қабылдауы әртүрлі болады. Мысалы, Франция атом энергиясын экологиялық таза және қауіпсіз деп санайды, ал Германия бұл салаға сақ­тық­пен қарайды. Бұл мәдени және әлеу­мет­тік көзқарастардың ерекшеліктеріне байланысты. Әр елдің халқы мен үкіметі атом энергетикасына өз тарихы мен тәжі­ри­бесіне байланысты әртүрлі баға береді.

–  АЭС-тің экологияға, жалпы ғаламдық жы­л­ынуға әсері қандай? 3+ буын реакторы қалай жұмыс істейді? Оның адам денсау­лы­ғы­на тигізетін зияны жоқ деп айта аласыз ба?

– АЭС-тер электр энергиясын өндіру кезінде атмосфераға парниктік газдар (CO2, метан және т.б.) шығармайды. Бұл оларды көмір, мұнай және табиғи газға негізделген дәстүрлі электр стансаларына қарағанда ана­ғұрлым экологиялық таза етеді. Бүгінде ат­ом энергетикасы жыл сайын 2 миллиард тоннаға дейін CO2 шығар­ындысын азайтуға ықпалын тигізе алады. Бұл оның климаттық өзгерістермен күресудегі маңызды рөлін ерекшелендіре түседі.

Қалыпты жағдайда жұмыс істейтін АЭС адам денсаулығына ешқандай зиянды радиациялық әсер етпейді. Атом электр стан­салары қауіпсіздік шараларының көп­сатылы жүйелерін қолданады, бұл стансадан тыс жерлерде радиацияның шығуын бол­дырмайды.

– АЭС радиоактивті қалдықтарсыз бол­майтыны шындық, оны қайта өңдеу және сақтау әлемдік деңгейде әлі де шешімін таба қоймағаны белгілі. Қазақстан радио­активті қалдықты не істемек? Қайда, қалай сақтамақ? 

– Иә, АЭС жұмыс істегенде радиоак­тивті қалдықтардың пайда болатыны сөзсіз және бұл атом энергетикасындағы ең күрделі және маңызды мәселелердің бірі. Радиоак­тивті қалдықтарды қауіпсіз өңдеу және сақ­тау әлемнің көптеген елінде әлі де тол­ық­тай шешімін таппаған мәселе. Дегенмен бұл бағытта бірқатар технология мен әдіс қолданылады.

Қазір радиоактивті қалдықтардың белгілі бір бөлігін қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Атомдық қалдықтардағы кейбір материалдар, әсір­есе плутоний мен уран, қайта өңделіп, жаңа ядролық отын жасауға қолданылады. Бұл әдіс «жабық отын циклы» деп аталады және қалдықтардың көлемін азайтуға, соны­мен қатар радиоак­тивтіліктің ұзақ уақ­ыт­қа созылуын төмен­дету­ге мүмкіндік береді.

–  Станса Алматы облысындағы Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылының маңында салынатын болса, көлдің су деңгейі АЭС-ке қажетті сұранысты өтей ала ма? Су сапасына әсері қандай болмақ?

– Әзірге Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша соңғы шешім қабылданба­ғанымен, Алматы облысындағы Үлкен ауыл­ының маң­ы­нда Балқаш көлінің жанында АЭС салу мүмкіндігі талқылануда. Бұл жер гео­гра­фиялық тұрғыдан перспек­тив­алы болып көрінеді, себебі ол Оңтүстік Қазақстан­ның энергетикалық қажеттілік­терін қамта­масыз етуге жақын орналасқан.

– Атомды бейбіт мақсатта энергия көзі ретінде пайдалау еліміздегі ғылымның, тех­но­логияның және өндірістің дамуына ықпалы қандай болады деп ойлайсыз?

– Атом энергиясын бейбіт мақсатта пай­далану Қазақстандағы ғылым, техно­логия және өндіріс салаларына айтарлықтай ықпал ете алады. Бұл бағыт еліміздегі бір­қатар саланың дамуына серпін беріп, жалпы экономикалық және ғылыми-тех­ни­калық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік туғызады.

Атом энергетикасын дамыту халықара­лық деңгейде ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Әлемдік жетекші елдер мен компаниялармен бірлескен жобалар жасау, ғылыми алмасулар және технология трансфері арқылы Қазақстандағы ғылым мен өндіріс салаларына шетелдік инвести­циялар тартылып, инновацияларға жол ашылады.

Қорыта айтқанда, атом энергиясын бей­біт мақсатта пайдалану Қазақстанның ғылым, технология мен өндіріс салаларына кешенді және ұзақмерзімді әсер ете отырып, елдің зияткерлік әлеуетін, инно­вация­лық қабілетін, өндірістік базасын нығайтуға көмектеседі.

– Ал АЭС энергетикалық тәуелсіздікке қаншалықты кепіл бола алады? Сіздіңше біздің тарап АЭС-тің қауіпсіздігіне бай­лан­ысты қандай талап қоя алады және қан­­шалықты деңгейде бақылай алады?

– Атом электр стансасы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алады, себебі ол ұзақ мерзімді, тұрақты және сенімді энергия көзін береді. Алайда бұл толықтай энергия тәуелсіздігін қам­тамасыз ету үшін елдің ядролық отын циклын өз бетімен жүзеге асыруы және хал­ық­аралық стандарттарға сәйкес қауіп­сіздік шараларын қамтамасыз етуі қажет.

Халықаралық атом энергиясы агенттігі –  атом энергетикасын бейбіт мақсатта пай­да­лану және қауіпсіздік стандарттарын сақтау бойынша жетекші халықаралық ұй­ым. МАГАТЭ әлемдегі барлық атом нысандарының қауіпсіздігін бақылауға және қамтамасыз етуге көмектеседі, оның ішінде Қазақстан да бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек МАГАТЭ-нің бақы­лауы­мен  шектелмейді. Қазақстан Үкіметі мен елдегі атом саласындағы ұйымдар ұлт­тық қауіпсіздік шараларын қолдануға мін­детті. Бұл АЭС салу мен пайдалануда жоғары стандарттарға сай келуді талап етеді, сондай-ақ үздік халықаралық тәжі­рибелерге сүйене отырып, апаттық жағдай­ларды болдырмау үшін тиімді басқару жүйе­сін енгізу қажет.

– Кадр мәселесі қалай шешіледі? АЭС-ті салуға және оның  қауіпсіз жұмысын қам­тамасыз етуге отандық мамандардың әлеуеті жете ме?

– Қазақстанда атом энергетикасы са­ла­сында белгілі бір деңгейде кадрлық қор бар, бірақ ол толықтай жеткілікті деп айту қиын. Елде ядролық физика және энергетика салаларында мамандарды дайындайтын оқу орындары бар. Мысалы, әл-Фараби атынд­ағы Қазақ ұлттық уни­верситеті мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сияқты жоғары оқу орындары ядролық энергетика мамандарын даярлауда жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар  Ұлттық ядролық орталық пен басқа ғылыми-зерттеу институттары осы саладағы зерттеулерді жүргізіп келеді.

Дегенмен АЭС жобалау, салу және оны қауіпсіз пайдалану үшін жоғары біліктілік пен халықаралық тәжірибе талап етіледі. Сондықтан қазір кадр мәселесін толық шешу үшін Қазақстан шетелдік серіктес­термен де белсенді жұмыс істеп жатыр.

АЭС құрылысымен қатар біліктілікті арттыру курстарын, ғылыми-зерттеу жоба­ларын, және стажировкаларды ұйымдастыру арқылы жұмыс істеп жатқан кадрларды тұрақты түрде оқытып отыру маңызды. Қазақстандағы университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының бұл процеске белсенді түрде қатысуы кадрлардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

АЭС салу мен пайдалану ұзақмерзімді жоба болғандықтан, Қазақстан кадр мәсе­лесіне ерте кезеңде мән беруі қажет. Бұл са­ла­ны дамытуға қажет мамандардың арасында  ядролық физиктер мен инже­нерлер ғана емес, сонымен қатар экологтер, құқық қорғаушылар, экономистер және техникалық қызметкерлер де бар.

Қорыта айтқанда, АЭС-тің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін отандық мамандардың әлеуеті белгілі бір деңгейде бар, бірақ оны одан әрі дамыту қажет. Кадрлық мәселелерді шешу үшін халықаралық әріптестік пен отандық білім беру жүйесі арқылы жоғары білікті мамандарды дайындау маңызды. Қазақстан бұл бағытта қадамдар жасауда, бірақ бұл процеске ұзақмерзімді жоспарлау және тұрақты қолдау қажет.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілек ҚАБЫЛ

By admin

Читайте также