АЭС орны қалай таңдалады?
5 мин
Мемлекет басшысы АЭС құрылысын жүргізуге қатысты жалпыхалықтық референдумды 6 қазанға белгілегеннен кейін, елдегі жетекші саяси партиялар мен азаматтық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан Халық штабы құрылды. Бүгінде әр өңірде Президент идеясының мәні мен маңызын талқылау қарқынды жүргізіліп жатыр.
Гүлмира БАҒЫТҚЫЗЫ
Сурет: ru.freepik.com
PhD зерттеуші Амалбек Өміртайдың айтуынша, АЭС – стратегиялық нысан. Оның қауіпсіздігі мемлекет үшін бірінші кезекте тұруы тиіс мәселе әрі мемлекеттік деңгейде пысықталуы қажет. Қуаттылығына қарай халық пен өнеркәсіптің тұрақты, ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуі жиі айтылып, артықшылығымен қатар, кемшін тұстары да талай рет ашық жарияланған.
«Біздің ел әлемдік қауымдастық алдында ауаға шығаратын көмірқышқыл газын 2-3 есе азайту туралы міндеттеме алған. Халықаралық стандарттар мен талаптар сақталмай, еш мемлекет АЭС құрылысын бастай алмайды», дейді сарапшы Амалбек Өміртай.
Еліміз үшін энергетикалық тәуелсіздік – ең күрделі мәселелердің бірі. Соның салдарынан қуат көзін көршілес елдерден импорттауға мәжбүрміз. Энергия тапшылығы сезілген сайын ғаламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке деген тәуелділігі артып келеді. Биылғы жарты жылдың өзінде 6 мың мегават энергия жетіспеушілігі байқалған.
Ядролық физика институтының бөлім басшысы Тимур Жолдыбаев біздегі электр энергетикасының нақты қуаты 16 ГВт-ты құрайды дейді.
Ірі өндіріс орындары көбейген сайын электр энергиясына деген сұраныс артып отыр. Бұл – барлық елге ортақ мәселе. Өзбекстан осындай тығырықтан шығу үшін АЭС салуға кірісті. Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия да АЭС-ті таңдады. Біздегі электр стансаларының басым бөлігінің тозығы жеткен, 70 пайызы көмірмен жұмыс істейді. Ал кейінгі кезде жиілеп кеткен энергия тапшылығын шешу үшін түрлі нұсқа ұсыныла бастады. Соның көш басында атом энергетикасын пайдалану тұр. Бұл ретте АЭС-ті қай жерге салған дұрыс деген мәселе туындайды. Бұған дейін Шығыс және Оңтүстік Қазақстан аумағына талдамалы жұмыстар жүргізілген.
«Екеуі де атом нысандарының құрылысына жарамды. Зерттеуді біздің компания ядролық технологиялар қауіпсіздігі орталығының мамандарымен бірлесе атқарды. Үкіметтің өтініші бойынша жапондық атом компаниясының күшімен тәуелсіз техникалық және экологиялық сараптама жасалып, оң нәтиже көрсеткеннен кейін оңтүстіктегі аумақты ұсындық», дейді «Қазақстандық атом электр стансалары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин.
Абай облысындағы Курчатов қаласы қарастырылғанымен, Алматы облысының Үлкен кентінде инфрақұрылым тұрғысынан артықшылық болған. Балқаш өзенінің бойындағы құрылыс ауданы кеңес заманы тұсынан бері көзге түсіп келген еді. 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан аумағына ГРЭС салу жоспарланып, кейін тоқтатылған. 2008 жылдары Балқаш ЖЭС-ін салу туралы шешім қабылданғанымен, ол да аяқсыз қалды.
Атом электр стансасын салудағы аудандарды зерттеу МАГАТЭ құжаттары мен еліміздің нормативтік-техникалық талаптары негізінде жүргізілген. Ондағы қарастырылған басты фактор – жер сілкінісі мен геологиялық құбылыстар, гидрометеорологиялық жағдайлар, АЭС пайдалану кезінде аудан гидрографикасына әсері. Үлкен ауылы аумағының инфрақұрылымдық артықшылықтары зерттеліп, талдама нәтижесіне қандай да бір кедергі келтіретін жағдай тіркелмеген.
Мамандардың айтуынша, Балқаш көлінің жағасында АЭС салу бірнеше өңірде электр энергиясына деген тапшылықты жойып, импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, бағаны да тұрақтандырады. Сонымен қатар көптеген қосалқы жұмыс орындары ашылып, Жетісу мен Алматы өңірінде өндіріс пен бизнес өркен жаймақ.
Саясаттанушы Марат Шибұтов еліміздің оңтүстік өңірлерінде энергия тапшылығы 2-3 жылдан кейін айқын білінетінін, сондықтан аталған аумаққа атом электр стансасын салу оңтайлы шешім екенін айтады.
«Үкімет стансаны салу туралы шешім қабылдау шыңына жетті. Біз Балқаш аумағын атап отырмыз. Заң бойынша үш балама алаңды талдап, сипаттап, біреуін негізгі алаң ретінде ұсынғанда ғана, атом стансасы салынады», дейді Тимур Жантикин.
Сонымен қатар сарапшы референдум нәтижесінен соң жеткізушіні, технологияны таңдау, нақты экономикалық есеп жүргізу және сараптаудан өту секілді дайындық жұмыстарына екі жылдай уақыт кететінін, мемлекеттік сараптамаға бір жылдың үстінде, құрылыс жұмыстарына тағы бес жыл, сонда барлығы бас-аяғы он жылға созылатынын айтады.