Жақып Хайрушев, энергетика саласының сарапшысы:«Болашақта Қазақстан өз ядролық индустриясын дамыта алады»

-Қазақстанда атом энергетикасын дамыту климаттың өзгеруіне қарсы күрес тұрғысынан қаншалықты тиімді деп санайсыз?

Атом электр станцияларының экологияға теріс әсер етуі туралы негізгі пікірлердің бірі – үлкен апаттар қаупімен қатар, пайдаланылған ядролық отынды (ПЯО) жою мәселесінің болуы. МАГАТЭ мәліметі бойынша, 1954 жылдан бастап атом реакторларын пайдаланған кезеңде бүкіл әлемде шамамен 370 мың тонна ПЯО жинақталған. Қазақстанда көмір жағу нәтижесінде жыл сайын 19 миллион тонна күл және шлак қоспалары бөлініп шығады, ал көмір энергетикасының дамуы нәтижесінде жинақталған шлак қалдықтарының жалпы көлемі 300 миллион тоннаға жетеді. Бұл қалдықтардың құрамында да қауіпті радиоактивті элементтер бар. Сондықтан, улы қалдықтарды жою мәселесі тек атом энергетикасына ғана тән емес.Сонымен қатар, ПЯО-ны толығымен қалдық деп атауға болмайды. Жинақталған ПЯО-ның 32,4%-ы немесе 120 мың тоннасы қайта өңделіп, MOX-отын ретінде қайта қолданылады. Мұндай тұйық ядролық отын циклі атом өнеркәсібінің экологиялық тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Қазіргі заманғы 1000 МВт қуатты АЭС жылына бар-жоғы 50 м³ радиоактивті қалдық жинақтайды. 60 жыл бойы жұмыс істегенде, мұндай АЭС тек 50 теміржол вагонына тең қалдықтарды жинайды. Бұл өте аз мөлшердегі зиянды қалдық.Қазақстанда әлі АЭС жоқ, бірақ әр ел өз геологиялық, технологиялық және экономикалық жағдайларын ескере отырып, өз стратегияларын әзірлеуде. Қазіргі уақытта бірнеше елде пайдаланылған ядролық отынды (ПЯО) терең геологиялық қабаттарда сақтау үшін қоймалар салынуда. Бұл Финляндиядағы Олкилуото АЭС-інің жанындағы Онкало қоймасы және АҚШ-тың Невада штатындағы Юкка-Маунтин репозиторийі. Бұл қоймалардың ерекшелігі – ПЯО-ны ұзақ уақыт қауіпсіз сақтау қабілеті (жер сілкінісі, жанартау атқылауы, климаттың өзгеруі және контейнерлердің коррозиясы салдарларын ескере отырып). Онкало қоймасы 100 000 жылға дейін, ал Юкка-Маунтин репозиторийі 1 000 000 жылға дейін қауіпсіздік қамтамасыз етеді. Біздің елімізде де осындай қауіпсіздікті сақтау қажет. Қазақстан үкіметі бұл жобаны жүзеге асыруда барлық халықаралық және ұлттық қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтап, жоспарлауды мұқият жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, қоғаммен ашық диалог жүргізу және барлық мүдделі тараптарды жобаның әр кезеңіне тарту да маңызды рөл атқарады.

АЭС салу Қазақстанның шетелдік технологияларға тәуелділігін арттыра ма? Бұл тәуелділікті азайту үшін қандай шаралар қолдануға болады?

Бұл өте өзекті және нәзік мәселе, себебі атом электр станциясын салудағы ең маңызды шешімдердің бірі – ядролық технологияларды жеткізушіні таңдау. Бұл шешім елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына ұзақ мерзімді әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі жетекші елдер мен компаниялар АЭС салуда үлкен тәжірибеге ие. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Ресей, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея (мысалы, Westinghouse, EDF, Mitsubishi, Росатом, KEPCO) бар. Бұл компаниялар АЭС салуда заманауи технологиялар мен сенімді жеткізілімдерді қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, олардың кейбіреулері санкцияларға тәуелсіз жұмыс істей алады. Шетелдік технологияларға тәуелділікті азайту үшін біз халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастыра аламыз. Мұндай консорциумға бірнеше елдер мен компаниялар қатысса, бұл тәуекелдерді азайтып, ең озық технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз етер еді. Сонымен бірге, болашақта Қазақстан өз ядролық индустриясын дамыту мүмкіндігін де қарастыра алады. Әрине, бұл үлкен инвестицияларды талап етеді, бірақ бұл елдің ұзақ мерзімді тәуелсіздігіне ықпал ететін шешім болмақ.

Атом энергетикасына қатысты қоғамның алаңдаушылығы мен қарсылығын қалай азайтуға болады?

Қоғамдағы атом энергетикасына деген қарсылықты азайту үшін халықпен белсенді жұмыс істеу қажет. Біріншіден, үкімет ашықтықты қамтамасыз етіп, инновациялық қауіпсіздік технологияларын енгізу туралы ақпаратты халыққа кеңінен жеткізуі керек. Сонымен қатар, халықты ақпараттандыру мен ашық диалог жүргізу маңызды рөл атқарады. Екіншіден, адамдарға төтенше жағдайларда қолданылатын нақты іс-шаралар жоспары туралы хабарлау қажет. Егер халық биліктің апат жағдайында нақты және сенімді әрекеттер жоспары бар екенін білсе, олардың қорқынышы айтарлықтай төмендейді. Апаттар кезінде елдің дайындығы халықтың сенімін арттырудың маңызды аспектісі.

Жақып Хайрушев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің басқарушы директоры

Аружан Мауленбай

«Заң газеті»

By admin

Читайте также