ҚазАқпарат – Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген тұжырымдама мен доктринаның халыққа түсінікті болуы маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кез келген тұжырымдама немесе доктрина қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Әйтпесе, бәрі жасанды болып шығады. Ондай идеяны халық қабылдамайды. Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек», — деді Мемлекет басшсы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жастарды мақтан тұтатынын атап өтті.
«Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр», — деді Президент.