«Жолда қабылдау»: тұрғындарға құқықтық көмек көрсетудің тиімді алаңы
Ақмола облысында 16–17 қазан күндері «Жолда қабылдау» республикалық акциясы онлайн форматта өтеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылатын іс-шара аясында облыстық Полиция департаментінің ресми парақшаларында тікелей эфирлер өткізіліп, жедел желілер арқылы азаматтардың сауалдарына жауап беріледі.
Акцияның негізгі мақсаты – халыққа құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және полиция мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру және полицияға деген сенімді арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Акция барысында Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдар мен полиция өкілдеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алады. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша білікті мамандардан түсініктемелер мен кеңестер алуға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, азаматтар тиісті қызметтердің жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын білдіріп, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты мәселелерді көтере алады. Онлайн формат тұрғындар үшін қолайлы байланыс орнатып, қажетті ақпаратты жедел алуға жағдай жасайды.
Мұндай акциялар халық пен полиция арасындағы ашық диалогты дамытуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Әсіресе жол қозғалысы ережелерін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын білу – әрбір азаматтың қауіпсіздігі үшін маңызды.
«Жолда қабылдау» республикалық акциясы – тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алып, өзекті мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік беретін маңызды бастама. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі айрықша рөл атқарады.
