Өзбекстан өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясын (АЭС) салуға кірісті. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы дайындалып, жобалау жұмыстары басталды. Осы орайда Kazinform тілшісі белгілі өзбекстандық физик-ядрошы, Ташкенттегі Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы Шохмирзо Умаровтан сұхбат алып, АЭС-ке қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып көрді.
— Шохмирзо Бахрамұлы, осы кезге дейін Өзбекстанда АЭС салу идеясы талқылау деңгейінде болып келді. Биыл мамырда түпкілікті шешім қабылданды, оның маңыздылығы неде?
— Өзбекстан аумағында АЭС салу идеясы 1970 жылдардан бастап талқыланып келді. Дегенмен түрлі жобалар келіссөз деңгейінде қалып отырды. АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдердің ұсыныстары зерттелді, бірақ түпкілікті келісім «Росатоммен» жасалды.
Биыл 27 мамырда Өзбекстанда аз қуатты АЭС салу туралы шешім қабылданды, яғни елімізде әрқайсысының қуаты 55 МВТ болатын (жалпы қуаты 330 МВт) 6 энергоблок бой көтермек. 10 қыркүйекте осы жұмыстарды бастау туралы хаттамаға қол қойылды. Оған сай, жобалық құжаттарды дайындау ісі қолға алынды.
АЭС салу шешімін қабылдаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз цифрлық экономикаға ойысып жатырмыз. Бұған дейін «Цифрлық Өзбекстан» стратегиясы қабылданды. Оған сай, барлық саланы цифрландыру процесі жүріп жатыр.
Сонымен қатар, Өзбекстан аграрлық-өнеркәсіптік елден өнеркәсіптік мемлекетке айналуға ниетті. Сондықтан бұлардың барлығы үздіксіз электр энергиясын қажет етеді. Тиісінше, біздің елдің энергобалансында барлық энергия өндіру көздері болуы тиіс: күн, жел, су электр станциялары және АЭС.
— Джизак облысында салынатын аз қуатты АЭС осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай серпін береді?
— Джизак облысында ірі энергетикалық нысан бой көтереді. Сәйкесінше, оған қажетті инфроқұрылым қалыптасады, атап айтқанда жол, аурухана, мектеп. Мұның барлығы Джизак облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық.
— АЭС-ті салумен қатар, оған қажетті мамандарды даярлау ісі өте маңызды. Бұл бағыттағы мәселелерді Өзбекстан қалай шешіп жатыр?
— Өзбекстан атом энергетикасы үшін мамандар даярлауға ерекше назар аударады, тиісінше білім беру бағдарламасын жасақтап, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының базасында кафедралар ашты.
Мәселен, Ташкентте Мәскеу физика-техникалық институтының филиалы ашылды. Ол — осы саланың білікті мамандарын даярлайтын үздік оқу орындарының бірі. Биыл оны біздің түлектеріміздің екінші легі тәмамдап, жастар энергетикалық саладағы қызметтеріне кірісті. Аталған институтқа тек оқуды озат аяқтаған оқушылар қабылданады.
Сонымен қатар, біздің өзіміздегі Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Өзбекстан ұлттық университеті және Самарқанд ұлттық университетінде де атом энегретикасы кафедраларын аштық.
Бұған қоса, Өзбекстан Ғылым академиясының Ядролық физика институты кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарады, онда зерттеулер жүргізіледі, тәжірибелік сабақтар өтеді.
Шетелде білім алуға ниетті жастар үшін де жағдай жасалған. Корея, Қытай, АҚШ және Ресейде оқып жүрген өзбекстандықтар аз емес. Сонымен қоса, мамандарымыз шетелдерге тәжірибе алмасуға барып тұрады.
Кейбір мамандар «Росатом» салып жатқан атом электр станцияларының құрылыс барысына қатысады. Өзбекстанның атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлау стратегиясы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жоғары бағасын алып үлгерді.
— Қазір әлем елдерінде жұмыс істеп тұрған АЭС-тердің реакторлары барлығы дерлік сумен салқындатылады. Осы орайда көпшілік АЭС тұщы судың тапшылығына әкеле ме деп алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Көпшілігі АЭС көп су тұтынады деп ойлайды. Дегенмен бұл жаңсақ пікір. Егер қуаты бірдей болса, онда АЭС те жылу электр станцияларымен (ЖЭС) бір мөлшерде су тұтынады. Өйткені, екеуінде де термодинамикалық цикл жүреді, яғни су буға айналады, кейін ол турбинаны іске қосады да әрі қарай ол бу конденсат күйінде тұнады.
Бұл цикл АЭС-те де, ЖЭС-те де бірдей. Біз алдағы уақытта өңірде су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескере отырып, реакторларды «құрғақ» салқындату жүйесін қолдануға ниеттіміз. Ол тұтынатын судың шығынын шамамен 10 есе азайтады.
— Тұрғындарды алаңдататын сұрақтың бірі – АЭС-тің қауіпсіздігі жайлы. Станцияның іргетасы мен өзге де бөліктері біздің өңірге тән жер сілкінісі, сел, дауыл және өзге де төтенше жағадайларға қаншалықты төтеп бере алады?
— Болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайларға төтеп беру үшін АЭС-ті жоспарлау кезінде барлық ерекшеліктер ескеріледі. Ол салынатын жерді зерттеуден басталады. Сейсмологиялық тұрақтылығы, топырақтың сапасы және басқа да ерекшеліктері зерделенеді. Осылардың барлығы жоспарлау кезеңінде есепке алынады.
Мысалы, АЭС Армения еліндегідей сейсмикалық белсенді аймаққа салынса, онда реакторлар сол жағдайларға бейімдеп құрылады. Аталған нысан 1988 жылы болған 9 балдық Спитак жер сілкінісіне төтеп бере алды, оның іргетасы мен өзге де қабырғаларына зақым келген жоқ. Бұл АЭС-ті жобалау кезінде тиімді шешімдер қабылданғанын растайды.
Мұнымен бірге заманауи АЭС-тер «пост-фукусималық» талаппен салынады. Онда ең экстремалды сценарийлер ескерілген. Мәселен, АЭС цунами қаупі өте төмен, шөлейтті аймақта салынса да, ол цунамиге төтеп бере алатындай талаппен құрылады. Апаттық кезеңде электр энергиясымен жабдықтау үшін арнайы дизелдік генераторлар қарастырылады. Бұл шаралар кез келген төтенше жағдай сәтінде АЭС-тің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.
Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.
«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», — деді ол.
Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін 10,38 теңгені құрады.
«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі — 2030 жыл», — деді Нұржан Джаканов.
Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.
«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», — деді бас сарапшы.
Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.
«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», — деді Нұржан Джаканов.
Фото: yandex.kz
Атом электр станцияға қатысты жалпыұлттық референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге қажет. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері айтты, деп хабарлайды Ulys.
«Республикалық референдум туралы конституциялық заңға сәйкес, Орталық референдум комиссиясы шығындардың болжамды сметасын әзірлеп, үкіметтің қарауына ұсынады. Біз президенттің жарлығы жарияланғаннан кейін, есеп-қисап жүргіздік. Біздің болжамды сметаға сәйкес, шығындардың жалпы сомасы 15,5 млрд теңгені құрап отыр», деді ОСК мүшесі Сабила Мұстафина.
Айта кетейік, жалпыұлттық референдум 6 қазан күні өтеді.
Энергетика министрлігі ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды Ulys.
Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасының жоспарланып отырған ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 шілдеден бастап автомобиль газының құны:
- Астана — литріне 84 теңге (қазір 76 теңге);
- Алматы – 89 теңге (қазір 81 теңге);
- Шымкент — 70 теңге (қазір 64 теңге);
- Ақтөбе облысы — 59 теңге (қазір 54 теңге);
- Атырау облысы — 59 теңге (қазір 54 теңге);
- Ақмола облысы — 84 теңге (қазір 76 теңге);
- Алматы облысы — 89 теңге (қазір 81 теңге);
- Шығыс Қазақстан облысы-84 теңге (қазір 76 теңге);
- Жамбыл облысы — 78 теңге (қазір 71 теңге);
- Батыс Қазақстан облысы — 70 теңге (қазір 64 теңге);
- Қостанай облысы — 84 теңге (қазір 76 теңге);
- Қызылорда облысы — 70 теңге (қазір 64 теңге);
- Қарағанды облысы — 84 теңге (қазір 76 теңге);
- Маңғыстау облысы — 59 теңге (қазір 54 теңге);
- Павлодар облысы — 81 теңге (қазір 74 теңге);
- Солтүстік Қазақстан облысы — 89 теңге (қазір 81 теңге);
- Түркістан облысы — 70 теңге (қазір 64 теңге);
- Абай облысы — 84 теңге (қазір 76 теңге);
- Жетісу облысы — 84 теңге (қазір 76 теңге);
- Ұлытау облысы — 84 теңге (қазір 76 теңге).
Бұйрық 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп көзделген.
Құжат 17 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.